Құтқарушылар тау өзендеріндегі мониторинг бекеттерінен жағдай туралы сағат сайын ақпарат беруде

Құтқарушылар тау өзендеріндегі мониторинг бекеттерінен жағдай туралы сағат сайын ақпарат беруде

Жауын-шашынды ауа райына және Алматы қаласы мен Алматы облысындағы сел қаупі кезеңінде жүргізіліп жатқан алдын алу іс-шараларына байланысты ТЖМ күштері мен құралдары күшейтілген кезекшілік режиміне көшірілді. Өзен арналары мен сел қаупі бар учаскелерге тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.

ТЖМ бөлімшелері Үлкен Алматы, Кіші Алматы және Қарғалы өзендеріндегі мониторинг бекеттерінен жағдай туралы сағат сайын ақпарат беруде. Сонымен қатар су ағынының кедергісіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында Ақсай өзенінің арнасы тазартылды.

Жауын-шашын басталғанға дейін су басу қаупі бар учаскелерге ТЖД, ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ, «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағы, Құтқару қызметі, ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері және әкімдіктің мердігер ұйымдарының су сору техникасымен жабдықталған күштері мен құралдары алдын ала орналастырылды. Бұл гидрологиялық жағдайдағы кез келген өзгеріске жедел ден қоюға мүмкіндік береді. Оқиғалар тіркелген жоқ.

ТЖД мен ТЖМ жедел штабтары жұмыс істеуде. Ең қауіпті учаскелерде 14 мониторинг бекеті тәулік бойы бақылау жүргізуде.

ТЖМ бөлімшелері тәулік бойы кезекшілік атқаруды жалғастыруда.