
Медицина қызметкері күніне орай Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Алматы қаласы бойынша Апаттар медицинасы орталығының қызметкері Гүлнисям Тұрсынқызы Анаятова туралы баяндаймыз. Ол 30 жылдан астам уақытын адам өмірін сақтауға арнап келеді.
Өзінің еңбек жолын ол 1994 жылы бастаған. Қызмет еткен жылдары Гүлнисям Тұрсынқызы көптеген гуманитарлық және құтқару операцияларына қатысты. Оның жадында ерекше сақталған оқиғалардың бірі — Алматы облысы Талғар ауданында орын алған жер көшкіні кезінде зардап шеккендерге медициналық көмек көрсету. Бұл жағдай қиын сәттерде кәсібилік, сабырлылық және көмекке келуге әрдайым дайын болудың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен оқиға ретінде есінде қалды.
Бүгінде Гүлнисиям Тұрсынқызы өрт сөндірушілер мен құтқарушылармен бірге қызмет атқарып, Алматы қаласындағы төтенше жағдайларға жедел түрде шығады. Сонымен қатар, ол түрлі спорттық жарыстар мен чемпионаттарда медициналық сүйемелдеуді қамтамасыз етіп, қатысушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қадағалайды.
Гүлнисям Тұрсынқызының артында мінсіз қызметтің ондаған жылы, мыңдаған сағаттық кезекшілік және дер кезінде көмек көрсетілген сансыз адамдар тағдыры тұр. Оның өмір жолы – мамандыққа адалдықтың, адамгершіліктің және халыққа қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі.
Медицина қызметкері күні құтты болсын! Еңбектеріңізге, кең жүректеріңізге және құтқарылған өмірлер үшін алғысымыз шексіз.