Алматыда туристердің таудағы қауіпсіздігін күшейтуді қолға алды Источник: https://rsk.almaty.kz/kz/news/43813

Алматыда туристердің таудағы қауіпсіздігін күшейтуді қолға алды  Источник: https://rsk.almaty.kz/kz/news/43813

Алматының таулы аймақтарында туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді іс-шаралар қолға алынып жатыр.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Денис Ярцев мәлімдеді.

Биылғы жазғы маусымға екі кәсіби құтқару бөлімшесі жұмылдырылған. Олардың жалпы саны – 194 адам, 60 техникасы мен екі тікұшақ та бар.

Сонымен қатар іздестіру-құтқару жұмысына «Альпинизм федерациясы» мен «Ерікті құтқару қызметі» ұйымдарының 100-ден астам еріктісі тартылған.

Таулы аймақтар мен оған іргелес аумақта 18 тау лашығы орнатылған. Олар алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған жиынтықтармен, байланыс құралдарын қуаттауға арналған жабдықпен, азық-түлік қорымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ төрт бақылау-құтқару пункті жұмыс істейді: Үлкен Алматы шатқалындағы «БАУ», Кіші Алматы шатқалындағы «УСП-23», сондай-ақ Бутаковка шатқалындағы «Медео РСС Барыс» пен «Мұзтау». Оның екеуі былтыр пайдалануға беріліп, кейбір бағытта зардап шеккендерге көмек көрсету уақытын 3–4 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Туристер санының артуына байланысты оқыс оқиға да көбейіп отыр. Былтыр 410 іздестіру-құтқару жұмысы жүргізіліп, 608 адам құтқарылған, оның 88-і кәмелетке толмағандар екен. 2026 жылдың басынан бері 43 операция жүргізіліп, 65 адам құтқарылыпты.

«Оқиғаның негізгі себебі – жергілікті жерді білмеу, күн райын елемеу, дайындықтың әлсіздігі мен өз мүмкіндігін асыра бағалау, оның ішінде әлеуметтік желілердегі контенттің әсері де бар», – деді Денис Ярцев. Спикердің айтуынша, 2025 жылғы 9 қыркүйектен бастап Қазақстанда Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығы күшіне енген. Онда өте қауіпті, адам бара алмайтын аумақтар, су, тау сияқты нысандардың тізімі бекітілген.

«Бұл құжат туристерді сапар алдында тіркеліп, жоспарланған бағыттар туралы азаматтық қорғау органдарына, соның ішінде Алматы қаласының ТЖД-сына алдын ала хабарлауға міндеттейді. Мұндай жағдайда 433.450 МГц жиілігіндегі радиостанцияларды пайдалануды ұсынамыз. Бұл жиілікті гидтер мен ерікті құтқарушылар үйлестіру мен өзара көмек көрсету үшін қолданады», – деп атап өтті ол.

ТЖД негізгі қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді:

Сапарды алдын ала жоспарлап алу;

Бағытты, оның қаншалықты қиын екенін, дайындық пен жабдыққа қойылатын талапты зерттеу. Әлеуметтік желідегі видеоларға сүйеніп сапарды жоспарламау;

Баратын аймақтағы нақты күн райы болжамын тексеру, қаладағы ауа райына сенбеу;

Жақындарына бағыты мен қайтар уақытын хабарлау; Сенімді гидтердің қызметін пайдалану; Жабдықты сапарға ыңғайлап таңдап алу;

Денсаулығына көз жүгіртіп қою, өйткені биік тауда кейбірінің ауруы асқынуы мүмкін;

Тауға жалғыз шықпау; Мүмкіндік болса, маршрут бойында өз орналасқан жерін хабарлап отыру; Сапар алдында «112» қызметі немесе ТЖМ аумақтық бөлімшелері арқылы міндетті түрде тіркелу.

Источник: https://rsk.almaty.kz/kz/news/43813