Автомобиль крандарының пайдаланылу ерекшеліктері және олардың қауіпсіздік құрылғылары

Автомобиль крандарының пайдаланылу ерекшеліктері және олардың қауіпсіздік құрылғылары

Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғау туралы» Заңына сәйкес – барлық түрдегі жүккөтергіш крандар қауіпті техникалық құрылғыларға жатады. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен қадағалауды Алматы қаласы ТЖ департаментінің көтергіш құрылыстарға мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімі жүзеге асырады.

 

Құрылыс немесе жөндеу жұмыстарының басым бөлігін крандарсыз елестету мүмкін емес. Алайда мұндай техникалық күрделі машинаны тек жоғары біліктілігі бар, тиісті жұмыс тәжірибесі бар адам ғана басқара алады. Қауіпсіздік ережелерінен кез келген ауытқу, кез келген қате орны толмас зардаптарға әкелетін апатқа соқтыруы мүмкін. Тәжірибеде крандардың қызмет көрсетуші адамдардың кінәсінен құлап, үлкен материалдық шығын мен айналадағы адамдарға нақты қауіп төндірген жағдайлар белгілі.

Автомобиль кранының сенімді әрі өнімді жұмысы тек автокран машинисі жүккөтергіш механизмді жақсы біліп, басқару тәсілдерін меңгерген жағдайда ғана мүмкін болады. Автомобиль крандарында тек арнайы оқудан өткен және біліктілік комиссиясынан жүккөтергіш кранды басқаруға рұқсат алған адамдарға жұмыс істеуге болады. Автокрандағы жұмыс негізінен мынадай негізгі операциялардан тұрады: жолға дайындық, жүргізу, жұмысқа дайындық, жұмыс операцияларын орындау, кранды тасымалдау жағдайына келтіру.

Автомобиль кранының негізгі мақсаты – тиеу-түсіру жұмыстары. Стрела түріндегі өздігінен жүретін крандар орындайтын бұл жұмыстар қауіптілігі жоғары жұмыстар санатына жатады. Қауіпсіздік техникасы ережелерін сақтау үшін кран иесі кәсіпорын бұйрықпен жауапты тұлғаларды тағайындайды, олардың қатарына мыналар кіреді:

  • жүккөтергіш крандардың қауіпсіз пайдаланылуын қадағалайтын тұлға;
  • жүккөтергіш крандардың ақаусыз күйде болуын қамтамасыз ететін тұлға;
  • әрбір жұмыс учаскесінде және әрбір ауысымда крандармен қауіпсіз жұмыс өндірісіне жауапты тұлға.

Автокрандар өндіріс процесінің ажырамас бөлігі болып табылады, олардың көмегімен әртүрлі технологиялық процестер механизацияланады. Басқа жүккөтергіш кран түрлерімен салыстырғанда, автомобиль крандары құрылыс алаңы ішінде тәуелсіз қозғалуы, бір нысаннан екінші нысанға жедел ауыстырылуы, стрела жабдығын алмастыру мүмкіндігімен ерекшеленеді. Бұл автокранды әртүрлі жұмыстарға бейімдеуге және оның параметрлерін тез өзгертуге мүмкіндік береді.

Дегенмен, қауіптілігі жоғары техниканың бұл түрін пайдалануға қойылатын талаптар да күшейтіледі. Әсіресе автокрандармен электр беру желілерінің маңында жүргізілетін жұмыстар аса қауіпті болып саналады. Крандар қолданылған кездегі жарақаттану жағдайларын талдау мұны растайды. Көп жағдайда электр тогымен зақымдану автокран стреласы электр сымына тиіп кеткенде немесе 0,5–1,2 м қашықтықта жақындаған кезде болады. Сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған автокран маңындағы адам «қадамдық кернеу» әсеріне түсіп, жазатайым жағдайға ұшырауы мүмкін.

Осының бәрі электр желілерінің жанында жүргізілетін жұмыстарды ең қауіпті жұмыстардың қатарына жатқызады. Электр желілерінің жанында жүргізілген мақсатты тексерулер нәтижесінде мұндай жұмыстардың жиі жағдайда өрескел бұзушылықтармен орындалатыны анықталды. Мысалы: қосымша нұсқаулық өткізілмейді, наряд-рұқсаттар берілмейді, жұмыс орындары қоршалмайды және т.б. Мұндай немқұрайдылық ауыр жазатайым жағдайларға әкелуі мүмкін.

 

Есте сақтау қажет: автокрандармен жұмыстар электр желілерінен кемінде 30 метр қашықтықта жүргізілуі тиіс, сонда ғана жұмыстың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ автокрандарға электр желілеріне жақындағанын хабарлайтын АСОН типті құрылғылар орнатылған жағдайда ток соғу қаупі төмендейді.

Жүктің құлап кету қаупі де автокрандарды пайдаланудағы ең қауіпті мәселелердің бірі болып табылады. Бұл көбінесе жүктің дұрыс бекітілмеуінен, арқанның үзілуінен немесе жүк қармау жабдығының ақауынан болады.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін автокранды және қосымша құрылғыларды тұрақты тексеріп отыру, пайдалану ережелері мен қауіпсіздік техникасын сақтау қажет. Осылайша әртүрлі күтпеген жағдайлардың алдын алуға болады. Демек, автокран сатып алмас бұрын пайдалану және қауіпсіздік ережелерін білу қажет, сонда автокран әртүрлі жүктерді көтерудің ең қауіпсіз құралына айналады.

Көтергіш құрылыстарға бақылау және қадағалау бөлімінің мемлекеттік инспекторлары бақылаудағы кәсіпорындарда өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайына тексерулер жүргізіп, олардың нәтижелері бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқамалар береді және анықталған кемшіліктерді жою бойынша іс-шаралар жоспарларын келіседі.