Алматы қаласында қала әкімінің орынбасары А.Б. Сматлаевтың төрағалығымен Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия (ТЖК) отырысы өтті.
Отырыста мегаполистің күзгі-қысқы кезеңдегі тұрақты жұмыс істеуі мен халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне баса назар аударылды.
Алматы қаласы ТЖД бастығының уақытша міндетін атқарушы Дамир Ермагамбетов қысқы маусымға дайындық шеңберінде іске асырылып жатқан кешенді шаралар туралы баяндады. Атап айтқанда:
- су тасқыны мен көшкінге қарсы іс-шаралар;
- шомылу маусымының қорытындылары;
- өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
- қала бойынша сейсможаттығу өткізу;
- уытты заттар сақталатын объектілердегі қауіпсіздік.
А.Б. Сматлаев өзгермелі климат жағдайында тәуекелдерді уақтылы анықтау мен төмендетудің маңыздылығын, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтері мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылының үйлесімді болуын атап өтті.
Отырыстың қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен халықты қорғау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.