2025 жылғы 30 маусым мен 2 шілде аралығында Алматыда Беларусь, Қазақстан және Ресей ТЖМ мемлекеттік бақылау (қадағалау) сарапшыларының халықаралық отырысы өтті.
Бұл 2022 жылдан бастап өрт қауіпсіздігі саласындағы техникалық регламент талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылаудың (қадағалаудың) проблемалық мәселелерін талқылау жөніндегі мемлекетаралық жұмыс тобының төртінші отырысы. Алдыңғы кездесулер Минск пен Мәскеуде өтті. Бұл жолы мамандар Қазақстан аумағында екінші рет жиналды.
Отырыс барысында ТЖМ бөлімшелерін жоғары сапалы және сертификатталған өрт сөндіру құрылғыларымен жарақтандыруға мүмкіндік беретін өнім тізбесін кеңейтуді және ұшқышсыз ұшу аппараттарына қойылатын талаптарды енгізуді қоса алғанда, «Өрт қауіпсіздігін және өрт сөндіруді қамтамасыз ету құралдарына қойылатын талаптар туралы» 043/2017 ЕАЭО техникалық регламентіне түзетулер жобасын жария талқылаудың түйінді өзгерістері мен қорытындылары талқыланды. Бұл өзгерістер ЕАЭО кеңістігінде өрт қауіпсіздігінің бірыңғай жүйесін дамыту үшін маңызды.
Талқылаудың өзекті тақырыбы қауіпті өнімді анықтау кезінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік бақылау органдарының өзара іс-қимыл тетігі, сондай-ақ оны цифрландыру және оңтайландыру болды.
Отырыс шеңберінде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласында тиімді шешімдер іздеу үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің ғылыми әлеуетін біріктірудің маңыздылығы атап өтілді.
Алматыда өткен отырыс қорытындысы бойынша тараптар елдердің ЕАЭО шеңберіндегі ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бейілділігін растап, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы үйлестірілген іс-қимылдардың маңыздылығын атап өтті. Нормативтік базаны жетілдіруге, бақылаудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған бірлескен күш-жігер азаматтар үшін неғұрлым қауіпсіз ортаны және одақтың бүкіл кеңістігінде өрттердің алдын алу мен оларға қарсы ден қоюдың орнықты жүйесін құруға мүмкіндік береді.