Өрт қауіпті кезеңнің қарсаңында: Алматы облысында оқушылармен алдын алу шаралары өткізілуде

Өрт қауіпті кезеңнің қарсаңында: Алматы облысында оқушылармен алдын алу шаралары өткізілуде

Есік қаласындағы "Қазақ орта мектеп-лицейі №6" КММ-де табиғи өрттердің алдын алу тақырыбында семинар өтті.

Өрт қаупі жоғары кезеңнің қарсаңында Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті халықпен профилактикалық жұмысты жандандыруда.

Осы жұмыстар аясында Еңбекшіқазақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері Есік қаласындағы "Қазақ орта мектеп-лицейі №6" КММ-де оқушылармен ақпараттық кездесу өткізді.

Оқушыларға табиғи ортадағы қауіпсіздік ережелері еске салынды. Семинар барысында мамандар табиғи өрттердің себептері, олардың қоршаған орта мен адам өміріне тигізетін салдары туралы айтты. Таулы, орманды және ашық жерлерде болғанда қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау маңыздылығына ерекше назар аударылды. Сөндірілмей тасталған сіріңке немесе темекі үлкен өртке себеп болып, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне зиян келтіруі мүмкін және адамдардың өміріне қауіп төндіреді.

Жаднамалар тарату және оқыту бейнероликтерін көрсету

Кездесу соңында оқушыларға өрт қауіпсіздігі ережелері жазылған жаднамалар таратылып, оқыту бейнероликтері көрсетілді.

Алматы облысының ТЖД ескертеді: өртті сөндіргеннен гөрі, алдын алған оңай. Қарапайым ережелерді сақтау табиғатты сақтап, адам өмірін қорғауға көмектеседі.

Алматы облысының ТЖД