Жемқорлық-қоғам дерті

Жемқорлық-қоғам дерті

Тарихы тереңнен бастау алған сыбайлас жемқорлық бүгiнде бүкiл әлем қоғамдастығына қауiп төндiрiп отыр. Бiздiң республикамызда да бұл мәселеге қарсы күрес шаралары тәуелсiздiк алған сәттен бастап мемлекеттiң бiрiншi кезектегi мiндетiне айналды.

Қазiргi таңда қоғамымызға қауiп төндiрiп, орасан кесел келтiретiн осынау келеңсiз әлеуметтiк құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Мемлекеттiк мiндеттердi атқаратын, сондай – ақ, соларға теңестiрiлген адамдардың лауазымдық өкiлеттiгiн және соған байланысты мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, не мүлiктiк пайда алу үшiн олардың өкiлеттiктерiн өзгеше пайдалану, жеке өзi немесе делдалдар арқылы заңда көзделмеген мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтарды заңсыз беру арқылы оларды сатып алу – сыбайлас жемқорлық болып есептелiнедi. Халық арасында iндет аталып кеткен осы дерттi жою толықтай жүзеге аспағанымен, оны ауыздықтаудың, тежеудiң сәтi кейде түсiп, кейде шарасыздықтың белең алатыны да рас.

Елбасы алға тартқан мiндет жергiлiктi жерлердегi құзырлы органдармен қоғамдық ұйымдар жұмысының темiрқазығына айналып отыр. Елiмiзде жемқорлықпен және ұйымдасқан қылымыспен күрестi күшейту шараларына орай «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттiк қызмет туралы» арнайы заңдар қабылданды. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттiк бағдарлама негiзiнде жүзеге асырылуда.

Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелi жүргiзуге тағы бiр серпiн ретiнде «Қазақстан Республикасында қылымысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестi күшейту және құқық қорғау қызметiн одан әрi жетiлдiру жөнiндегi қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы қолданысқа енгiзiлген. Бұл Жарлық елiмiздегi құқық қорғау органдары қызметтерiн жетiлдiруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен, олардың пайда болуының алдын – алуда жүйелi, әрi тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етедi.

«Жемқорлыққа қарсы күрес жан-жақты, үздiксiз, ашық әрi әдiлеттi түрде жүргiзiлуi тиiс. Бiз сонда ғана қойған биiк мақсаттарға қол жеткiзе аламыз» дедi Елбасымыз. Сондықтан, қоғамды жеп жатқан қауiптi iндетпен ел болып күресейiк.

Жоғарыдағыны айта келе тұрғындарға, құқық қорғау органдарының қызметкерлері тарапынан сыбайлас жемқорлыққа тап болған жағдайда 1402 (ҚР ІІМ сенім телефоны) немесе 1424 (жемқорлыққа қарсы қызметінің CALL-орталық номері) номерлеріне хабарласуға болатындығын жеткізгім келеді.

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі