Халық арасында танымал, көпшілік таңдайтын бірнеше мамандық иесі бар. Олар әр қоғамда, қандай жағдайда болмасын сұранысқа ие. Сол мамандықтардың ішіндегі заңгер мамандығы бәрімізге ауадай қажет. Заңгерлер көбінесе заңдардың сақталуын бақылайды, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғаумен, құжаттарды дайындаумен, кеңес берумен және сотта мүдделерді қорғаумен айналысады.
Бүгінгі кейіпкеріміз Асылбекова Қарлығаш Кенесбекқызы Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінде заңгер болып жұмыс істейді.
Қарлығаш Алматы облысы, Сарқан ауданында дүниеге келді. Заңгер мамандығы - оның бала кезіндегі арманы, себебі ол әрбір жеке тұлғаның адам ретінде құқығын шектемейтін, өзгенің құқығын таптамауға жол бермейтін заңдарды білгісі келеді.
Талдықорған қаласының орта мектебін бітірген соң, Шымкент қаласындағы Халықтар Достығы университетінің «құқықтану» факультетін бітірген.
Қарлығаштың анасы, Ләззат Қыдырқожақызы, қызының заңгер мамандығын таңдауына қолдау көрсетті. Ол - Қазақстан Республикасына 43 жыл білім саласында еңбек еткен «Ұлағатты ұстаз» медалімен және жас ұрпақтарға білім беріп, тәрбиелеудегі қосқан үлестері үшін бірнеше марапаттарға ие болған, құқық-тарих пәндерінің мұғалімі. Анасы қызын бала кезінен барлық жұмысты жете меңгеріп, кез-келген тапсырманы жауапкершілікпен, ұқыпты жасауға дағдыландырды. Өзінің айналасындағы барлық адамдарға сыйластық танытып, қамқорлық көрсетіп, құрметпен қарауды бойына сіңіре білді. Әрбір адамның ең жақсы қасиеттерін көріп, тани білу керектігін және өзінің жеке көз қарасы мен ұстанымынан айнымау керектігін жиі айтып тәрбиелеп өсірді. Отбасындағы ағасы Қанат және сіңлісі Қаламқас та жоғарғы білімді заңгерлер.
Болашақ мамандықты таңдауға үлкен жауапкершілікпен қарау керек, өйткені ол сенің өмірлік ісің болады.
Адам жұмыста көп уақытын өткізеді, сондықтан оның айналысатын ісі оған рахат әкелуі маңызды. Егер таңдаған мамандық тек адамға ғана емес, айналасындағы адамдарға да пайдалы болса тіпті жақсы.
2014 жылы Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментіне жұмысқа орналасып, 2016 жылы Заң тобының бас маманы-заңгер қызметіне ауыстырылды.
Қазіргі таңда заң тобында бас маман ретінде Департамент қызметінде заңдылықтың сақталуын толық қамтамасыз етеді. Соттарда, сондай-ақ басқа ұйымдарда Департамент қызметінің құқықтық мәселелерін қарау кезінде белгіленген тәртіппен Департаменттің мүдделерін қорғайды.
Қарлығаш еңбек жолында қылмыстық, азаматтық, әкімшілік және де еңбек даулары бойынша облыстық, қалалық және мамандандырылған ауданаралық экономикалық және әкімшілік соттарда Департамент мүддесін қорғауға атсалысып жүр.
Қазақстан Республикасының Заңдарын, еңбек тәртібін, мемлекеттік қызметшілердің «Әдеп кодексінің» нормаларын, топтың ішкі тәртібін қатаң сақтай отырып, Департаменттің қоғамдық өміріне белсенді араласады.
Қарлығаш білікті маман ретінде өз міндеттерін жауапкершілікпен орындайды, өз ісіне адал әрі ұжымының құрметті, беделді мүшесі.
Сондай-ақ, Қарлығаш өз білімін жетілдіру мақсатында онлайн-режімінде өтетін семинарларға қатысып, үнемі өз саласында білімін жетілдіріп отырады.
Қарлығаштың сүйікті қызығушылықтарының бірі - кітап оқу. Ол кітап оқу арқылы, тіл байлығын дамытып, білімін арттырады. Себебі кітап – адамның жан-дүниесінің асыл қазынасы, рухани байлықтың өлшемі, адамның ой-өрісінің көрінісі.
Ол Алматы облысы тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Жетісу - кітапқұмарлар өлкесі» атты облыстық байқауына қатысқаны үшін, диплом, қаржылай сертификат, сондай-ақ Абай Құнанбаевтың қара сөздері атты бағалы кітабімен марапатталды.
Біздің кейіпкеріміздің балалық шағынан айналысатын сүйікті істерінің бірі – әр түрлі тәттілер пісіру.
Үйде қолы бос болғанында отбасылық кешкі асты дайындап, әр түрлі тіл үйіретін тәттілер пісіріп, отбасына қуаныш сыйлағанды ұнатады.
Сонымен қатар, Қарлығаш спортпен шұғылданғанды ұнатады, шет тілдерін үйренеді, сондай-ақ еріктілер қоғамында жануарларға қайырылымдылық көмек көрсетіп, қоршаған тәбиғатқа сүйіспеншілікпен қарайды.
Қарлығаш өз елінің белсенді азаматы болғандықтан, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Елбасы медалі» жобасының белсенді қатысушысы және алтын медаль үміткері.
Бұл –ұлттық жоба. Әрбір мақсаты биік, талпынысы зор қазақстандық жас дербес, бәсекеге қабілетті, өзіне сенімді тұлға болып қалыптасып қана қоймай, өз уақытын бүгіннен бастап тиімді пайдалана отырып, болашағына білімі мен қабілеттерін жетілдіру арқылы инвестиция жасай алады.
Қарлығаш осы жобаға сәйкес 7 бағыт бойынша дамуда. Олар: спорт және дене шынықтыру, дарын мен дағды, еріктілік жұмыстар, туристік саяхаттар, кітап оқу, ұлттық мұра және еңбек тәжірибесі бағыттары.
"Елбасы медалі" жастарға патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін беріледі.
Заңгер - ар-намыстың, әділеттіліктің адамы және мұқтаж адамға көмектесуге әрқашан дайын болуы керек.
Әр түрлі адамдармен тіл табыса білу және олардың мәселесін шешуге ұмтылу, қалағанына жету үшін күш пен еңбекті аямау.
Алайда алғашқы қиындықтардан, сәтсіздіктерден бас тартпаған адамдар ғана өз мақсаттарына жете алады. Ең бастысы – өз күштеріңізге, білімдеріңізге, қабілеттіліктеріңізге сену және алға қойған мақсаттарыңызға жете білу.
Қарлығашқа сәттілік және алға қойған мақсаттарына жетуді тілейміз.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі