ТЖМ басшысы Алматы облысындағы жаңғыртылған «Қазселденқорғау» нысанын ашты

ТЖМ басшысы Алматы облысындағы жаңғыртылған «Қазселденқорғау» нысанын ашты

  Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов күрделі жөндеуден өткен «Қазселденқорғау» ММ Алматы облыстық филиалының Қарасай өндірістік-пайдалану бөлімін ашты.

  1987 жылы салынған бұл нысан араға 40 жылға жуық уақыт салып алғаш рет ауқымды жаңғыртудан өтті. Ғимараттың шатыры, қасбеті және ішкі бөлмелері толық жөнделіп, инженерлік желілері жаңартылды, сондай-ақ аумағы абаттандырылды. Министрге жаңартылған диспетчерлік пункт пен тәулік бойы гидрометеорологиялық жағдай мен тау бассейндерінің жай-күйін бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлер үшін жасалған заманауи жұмыс жағдайлары таныстырылды.

  Қарасай ауданы сел және көшкін процестерін тұрақты бақылауды талап ететін аумақтардың қатарына жатады. Мамандардың бақылауында Қаскелең, Шамалған және Қырғауылды өзендері, сондай-ақ табиғи факторлардың әсеріне бейім учаскелер бар. Мониторингтің тиімділігін арттыру мақсатында нысанда жағдайдың өзгерісін нақты уақыт режимінде бақылауға және қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік беретін автоматтандырылған бақылау жүйесі енгізілді.

  Ерекше назар Қаскелең өзенінің бассейніне аударылуда, ол сел белсенділігінің бірінші санатына жатады. Өзеннің жоғарғы ағысында жалпы су көлемі 2,5 млн текше метрден асатын 31 мұздық пен 23 мұздақ көлдер орналасқан. Бақылау аймағына Қаскелең қаласы және шамамен 60 мың тұрғыны бар жақын маңдағы елді мекендер кіреді. Жүргізілген жаңғырту мониторингтің тиімділігін арттырып, өңір халқын қорғау жүйесін күшейтуге мүмкіндік береді.