
Балаларды қорғау күніне орай «Арман Дала» балалар лагерінде Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері «Қауіпсіз және бақытты балалық шақ» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Іс-шара барысында балалар үшін өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік және төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдарға арналған танымдық алаңдар әзірленді. Қызметкерлер балаларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, арнайы техникалар мен құрал-жабдықтарды таныстырды және олардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар көңілді ойындар, байқаулар мен түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй мен жағымды әсер сыйлады.
Сонымен қатар мерекелік іс-шара Қонаев қаласындағы Қапшағай су қоймасында арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау жөніндегі облыстық орталықтың тәрбиеленушілеріне өткізілді. Балаларға құтқарушылардың қызметі мен судағы құтқару техникасының мүмкіндіктерін таныстыруға бағытталған мазмұнды бағдарлама ұсынылды.
Әсіресе гидроциклдердің әсерлі көрсетілімі, флайбордтағы су шоуы, катердегі көбік кеші, бассейндегі ойындар және басқа да ойын-сауық шаралары балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Мереке барысында олар құтқару техникасы мен жабдықтарымен танысып, судағы қауіпсіздік ережелері туралы пайдалы мәліметтер алды.
Іс-шара балаларға ұмытылмас әсер, жаңа білім мен жарқын эмоциялар сыйлады.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі