Алматы облысында «Көктем–2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды

Алматы облысында «Көктем–2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды

Алматы облысында мемлекеттік азаматтық қорғау жүйесінің басқару органдары мен күштерін көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қоюға дайындауға бағытталған «Көктем–2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының бірінші кезеңі басталды.

Оқу-жаттығу Алматы облысы Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында өтуде. Ашылу аясында азаматтық қорғау жүйесінің күштері мен құралдарын сапқа тұрғызу рәсімі өтті. Бөлімшелер бөлінгеннен кейін, су тасқынының алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шараларды жүргізу үшін елді мекеннің негізгі учаскелеріне жіберілді.

Бірінші кезең көктемгі су тасқыны кезеңінде гидрологиялық жағдайдың күрделенуін модельдеу арқылы штабтық және практикалық пысықтау форматында ұйымдастырылды. Басқару органдары шартты су тасқыны жағдайының дамуы туралы ақпаратты жинау, өңдеу және талдау жұмыстарын жүргізіп, болжамдық деректерді нақтылап, тиісті басқарушылық шешімдер қабылдауда. Оқу-жаттығу барысында хабарлау және байланыс жүйелерінің дайындығы, жедел кезекшілікті ұйымдастыру, сондай-ақ мониторингтік және диспетчерлік қызметтердің жұмысы тексерілуде.

Практикалық іс-шаралар аясында 1,2 текше метр қатты тұрмыстық қалдық шығарылып, Қотырбұлақ өзенінің арнасын 250 метр бойында кеңейту және тереңдету жұмыстары жүргізілді. Аталған алдын алу шараларын іске асыру ықтимал су тасқыны құбылыстарына алдын ала дайындық есебінен 7-ден астам нысан мен 27 жеке тұрғын үйді су басу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.

Оқу-жаттығуға Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті, №28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, аудандар мен қалалардың жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, облыстық және аудандық азаматтық қорғау қызметтері, жергілікті полиция қызметкерлері қатысып, жалпы 62 қызметкер мен 15 бірлік техника жұмылдырылды.

Бірінші кезең аясында практикалық іс-шараларды пысықтау басқару органдары мен азаматтық қорғау күштерінің көктемгі кезеңдегі ықтимал төтенше жағдайларға дайындығын арттыруға, халық үшін қауіп-қатерді азайтуға және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі