
Алматы облысында 2026 жылдың қаңтар айынан бастап көктемгі су тасқыны кезеңінде су басу қаупінің алдын алу және оның салдарын барынша азайтуға бағытталған инженерлік-профилактикалық іс-шаралар кешені жүзеге асырылуда.
Дайындық аясында Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өңірде 25,6 км арықтарды, 3 км каналдарды және 4,2 км өзен арналарын тазалады, сондай-ақ автомобиль және теміржолдар астындағы 16 су өткізу құбырын тиісті жағдайға келтірді.
Қарды уақытылы шығару мақсатында облыстың барлық аудандарында, сондай-ақ Қонаев және Алатау қалаларында мердігер ұйымдарды тарта отырып, қар полигондары айқындалды.
Су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда жедел әрекет ету үшін азаматтық қорғау күштерінің 1 136 адамнан тұратын тобы жасақталды. 347 бірлік техника, мотопомпалар, жүзу құралдары және қажетті материалдық резервтер дайындыққа келтірілді. Бөлімшелер жоғары дайындық режимінде жұмыс істеуде.
Гидрологиялық жағдайды бақылау мақсатында өңірде «Қазгидромет» РМК пен «Қазселденқорғау» АҚ бекеттерін қоса алғанда, 42 гидробекет жұмыс істейді. Өзендерде мұз кептелістері байқалмайды, гидрологиялық режим штаттық деңгейде сақталуда.
Су тасқыны жағдайын тәулік бойы жедел бақылау үшін Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменті мен әкімдігі Tasqyn ақпараттық жүйесін қолдануда. Жүйе деректері нақты уақыт режимінде аумақтық бөлімшелерге жолданады. Сонымен қатар ірі су қоймаларының толу деңгейіне тұрақты мониторинг жүргізілуде. Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының мәліметіне сәйкес, «Қапшағай», «Құрты», «Бартоғай» және «Бестөбе» су қоймалары штаттық режимде жұмыс істеуде.
Аталған іс-шаралардың негізгі мақсаты – халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары мен инфрақұрылымды қорғау, сондай-ақ көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі