Алматы облысында мектепке дейінгі мекемелер мен жалпы білім беретін мектептердің қатысуымен театрландырылған қойылым өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрттің алдын алу.
Шара барысында Алматы облысы ТЖД қызметкерлері балаларға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету жолдарын үйретті. Ақпарат көрнекі түрде, сұрақ-жауап және көрсетілім арқылы беріліп, балалардың материалды жақсы меңгеруіне ықпал етті.
Іс-шараның басты міндеті – балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуге және алғашқы медициналық көмек көрсетуге үйрету. Балалар өрттің себептері мен салдарлары туралы біліп, ертегі кейіпкерлерінің бейнесі арқылы оны көрнекі түрде тамашалады және өздерін нағыз құтқарушылар ретінде сезінді.
Ұйымдастыру жұмыстарына Алматы облысының бірқатар білім беру мекемелері белсенді атсалысты. Алматы облысы ТЖД қызметкерлері іс-шараны дайындауға және өткізуге қосқан үлесі үшін мектептер мен балабақшаларды алғыс хаттармен марапаттады.
Мұндай шаралар балалардың өрт қауіпсіздігі саласындағы білімдерін нығайтып, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Ерте жастан қалыптасқан дағдылар – қауіпсіз болашақтың кепілі.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі