
2025 жылғы 11 шілдедегі Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің №5-1/273-И тапсырмасын орындау мақсатында, 2025 жылғы 16 шілдеде Еңбекшіқазақ ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері «Тау-Жаңашар» балалар сауықтыру лагерінде жоспарлы сейсмикалық жаттығу өткізді.
Іс-шараның мақсаты – жер сілкінісі жағдайында лагерь қызметкерлері мен демалушылардың іс-қимыл алгоритмін пысықтау. Жаттығу сценарийі бойынша жер сілкінісі орын алып, шұғыл түрде эвакуация жүргізілді. Дабыл белгісі берілгеннен кейін балалар мен қызметкерлер қауіпсіз аймаққа шығарылып, эвакуацияның тәртібі мен жылдамдығы тексерілді.
Жаттығу барысында келесі бағыттарға ерекше көңіл бөлінді:
кезекші персоналдың жедел әрекет етуі;
эвакуациялау тәртібінің сақталуы;
балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
жиналу орнында тәртіп пен үйлесімділікті сақтау. Сонымен қатар, ТЖБ мамандары демалушылармен және тәрбиешілермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Балаларға жазғы өрт қауіпті кезеңінде өрт қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді, отқа ұқыпсыз қараудың салдары айтылды, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету тәртібі көрсетілді.
Аталған жаттығулар жасөспірімдердің төтенше жағдайлар кезіндегі әрекет ету дағдыларын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Мұндай дайындықтар қауіптің алдын алуға, қауіпсіздік мәдениетін арттыруға және ұжымдық жауапкершілік сезімін нығайтуға бағытталған.
Баспасөз қызметі ТЖД Алматы облысы