Жамбыл ауданында өрттің алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Жамбыл ауданында өрттің алдын алу жұмыстары жүргізілуде

Жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауына байланысты табиғи өрттердің шығу қаупі артады. Осыған орай, Жамбыл ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өрт қауіпті кезеңде өрттердің алдын алу және санын азайту мақсатында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізуде.

Аталған жұмыстар аясында аудан аумағында орналасқан автомобиль жолдарының жиектері мен қалың шөпке, орманды алқаптарға жақын орналасқан тұрғын үйлердің маңы арнайы техника мен қол еңбегі арқылы құрғақ шөптер мен қамыстардан тазартылуда. Бұл – өрттің пайда болу және таралу қаупін азайтуға бағытталған маңызды шаралардың бірі.

Мұндай алдын алу жұмыстары табиғи өрттердің алдын алуға, сондай-ақ халықтың өмірі мен мүлкін сақтау мақсатында жүргізіліп отыр. Жергілікті халыққа өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары да қатар жүргізілуде.

ТЖБ өкілдері аудан тұрғындарын өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға, аула мен үй айналасын құрғақ шөптен тазалап отыруға, қоқыс пен шөп өртемеуге шақырады. Төтенше жағдай туындаған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет.

Алматы облысының ТЖД