Капшагай су қоймасында өткен "OKEANMAN QAZAQSTAN – 2025" халықаралық суға жүзу сайысы сәтті өтті

Капшагай су қоймасында өткен "OKEANMAN QAZAQSTAN – 2025" халықаралық суға жүзу сайысы сәтті өтті

2025 жылғы 5-6 шілде күндері Капшагай су қоймасында ашық суда жүзуден "OKEANMAN QAZAQSTAN – 2025" халықаралық жарысы өтті. Аталған сайысқа түрлі елдерден 2000-нан астам қатысушы жиналды.

Жарыстың судағы кезеңдерінде қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Алматы облысы ТЖД Оперативті-құтқару жасағының (ОҚЖ) құтқарушылары жұмылдырылды. Екі күнге созылған жарыс барысында 12 қызметкер және 6 жүзу құралы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тартылды.

ОҚЖ мамандары әр түрлі қашықтықта бақ сынаған қатысушыларға үнемі бақылау жүргізіп, қажет болған жағдайда шұғыл көмек көрсетті. Құтқарушылардың кәсіби шеберлігінің арқасында жарыс ешқандай төтенше жағдайсыз өтті.

Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті су айдындарында, әсіресе шомылу маусымында және ашық суда өтетін бұқаралық шаралар кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын жалғастыруда.

Алматы облысының ТЖД