Есік өзені – шомылуға арналмаған қауіпті аумақ: профилактикалық жұмыс жалғасуда

Есік өзені – шомылуға арналмаған қауіпті аумақ: профилактикалық жұмыс жалғасуда

        2025 жылғы 3 шілдеде жазғы кезеңде су айдындарында орын алуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында, Еңбекшіқазақ ауданының төтенше жағдайлар бөлімімен халық арасында түсіндіру және ескерту бағытындағы профилактикалық іс-шаралар кешені өткізілді.
         Шара барысында тұрғындарға жабдықталмаған және қауіпті су көздерінде, соның ішінде Есік өзенінде шомылуға қатаң тыйым салынатыны жөнінде ақпарат берілді.

        Есік өзені – қатты ағысқа ие, түбі терең әрі тасты, су температурасы төмен және шомылуға бейімделмеген табиғи су көзі. Соған қарамастан, жыл сайын жаз мезгілінде кәмелетке толмағандар арасында рұқсат етілмеген шомылу жағдайлары тіркелуде.

      Алдын алу жұмыстары шеңберінде ТЖБ қызметкерлері тұрғындармен, соның ішінде мектеп оқушыларымен түсіндіру әңгімелерін жүргізіп, су жанында қауіпсіздік сақтау ережелерін жеткізді. Ескерту парақшалары мен көрнекі материалдар таратылды.

      Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті ескертеді:
– Есік өзенінде шомылуға қатаң тыйым салынады;
– балалардың су маңында үлкендердің қарауынсыз жүруіне жол берілмеуі тиіс;
– кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне ата-аналар мен заңды өкілдер толықтай жауап береді;
– жабдықталмаған су айдындарында шомылу – өмірге тікелей қауіп төндіреді.

      Аталған бағыттағы профилактикалық жұмыстар шомылу маусымы бойы барлық елді мекендерде жүйелі түрде жалғасын табады.

 

                                                                               Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі