Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Іле ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің жеке құрамымен Өтеген батыр ауылындағы №8 өрт сөндіру бөлімінде «Болашақ кемеңгер» балабақшасының тәрбиеленушілерінің қатысуымен Ашық есік күні өткізілді.
Іс-шара барысында құтқарушылар бүлдіршіндерге Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның тарихы мен олардың маңызын түсіндіріп, балалардың патриоттық рухын арттыруға бағытталған түрлі танымдық ойындар, викториналар және шығармашылық тапсырмалар ұйымдастырылды. Кішкентай қонақтар Қазақстан Республикасының Әнұранын зор мақтанышпен орындап, Отанға деген сүйіспеншілігін білдірді.
Сонымен қатар, балалар үшін арнайы экскурсия өткізілді. Олар құтқарушылардың күнделікті жұмысы, арнайы техникасы мен құрал-жабдықтарымен танысып, қызметкерлердің кәсіби формасын киіп көріп, суретке түсіп, өздерін нағыз батырлардай сезінді.
Бұл іс-шара жас ұрпақтың бойында мемлекеттік рәміздерге деген құрметті, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық сезімді тәрбиелеуге септігін тигізді.
Алматы облысы ТЖД