Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Еңбекшіқазақ ауданы №3 өрт сөндіру бөлімінде ерекше шара – Ашық есік күні өткізілді. Іс-шараға «В.В. Терешкова атындағы орта мектеп» жанындағы жазғы лагерьдің бастауыш сынып оқушылары қатысты.
Шараның мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында патриоттық сезімді, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті қалыптастыру, сондай-ақ қауіпсіздік мәдениетін сіңіріп, өрт сөндіруші мамандығымен таныстыру болды.
Экскурсия барысында балаларға бөлімшенің аумағы таныстырылып, арнайы техника мен өрт сөндірушілердің жауынгерлік киімі көрсетілді. Кезекші қарауыл «Дабыл» сигналы бойынша шартты шақыртуға жедел шығу бойынша оқу-жаттығу жиынын көрсетті.
Сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша профилактикалық әңгіме өткізілді. Қызметкерлер балаларға күнделікті өмірде және табиғат аясында қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіріп, төтенше жағдай кезінде не істеу керектігін айтты.
Шара аясында оқушылардың қатысуымен флешмоб ұйымдастырылып, қауіпсіздік тақырыбында асфальтқа сурет салу байқауы өтті. Балалар өз қиялдары арқылы өрт сөндірушілердің ерлігін, қауіпсіздік белгілерін және өрт сөндіру құралдарын бейнеледі.
Іс-шара достық, жылы әрі танымдық атмосферада өтіп, балалардың үлкен қызығушылығын тудырды. Мұндай шаралар балалардың қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыруға және азаматтық жауапкершілік сезімін нығайтуға ықпал етеді.
Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі