Ұн шығару цехында өрт шыққаны туралы ақпарат

Ұн шығару цехында өрт шыққаны туралы ақпарат

Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаментіне Қарасай ауданының Жібек Жолы ауылында орналасқан ұн өнімдерін өндіру цехының аумағында жарылыс орын алып, артынша өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Өрт тоғыз қабатты екінші элеватор ғимаратының бірінші қабатында орналасқан астық қалдықтарының шаң-ауа қоспасының жарылуы салдарынан туындаған.

Оқиға орнына Алматы облысы ТЖД-нің күштері мен құралдары жедел түрде жөнелтілді. Құтқару бөлімшелері келген кезде қатты түтіндену байқалды. Жедел түрде штаб құрылып, төрт жауынгерлік учаске ұйымдастырылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде өрт толықтай жойылды. Өрттің аумағы Қабылданған шаралардың арқасында өрт толығымен жойылды. Жану алаңы 1377 шаршы метрді құрады.

Оқиғаның себебін анықтау үшін Алматы облысы ТЖД-нің Өрт-техникалық зертхана қызметкерлері мен анықтау бөлімінің мамандары оқиға орнына жіберілді.

Өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД, Алматы қаласы ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың 100-ден астам жеке құрамы мен 31 техника бірлігі жұмылдырылды. Оқиға орнында құрылымдарды бөлшектеу және салқындату жұмыстары жүргізілді.

Өрт сөндіру барысында ТЖД қызметкерлері баспалдақ арқылы бір ересек адамды құтқарып қалды. Сонымен қатар, төртеуі Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының жансақтау және қарқынды терапия бөлімшесіне жеткізілді.

ҚР ТЖМ Қауіп-қатер медицинасы орталығының филиалы мен Жібек Жолы ауылындағы Бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығының мамандары зардап шеккендерге алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетті. Сонымен қатар, ТЖД психологы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге психологиялық қолдау көрсетуді жалғастыруда.

Алматы облысы ТЖД баспасөз қызметі