Ақтөбе облысының Төтенше жағдайлар департаментінің ұйымдастыруымен Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиынның басты мақсаты – батырларымыздың ерлігіне тағзым етіп, ел тыныштығы жолында аянбай қызмет етіп жүрген азаматтарды құрметтеу болды. Іс-шара мемлекеттік Гимнмен басталып, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін және қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан қызметкерлерді бір минут үнсіздікпен еске алумен жалғасты. Салтанатты жиында Ақтөбе облысы ТЖ департаментінің басшысы полковник Оразалин Қахарман Нұртасұлының қатысуымен марапаттау рәсімі өтті. Бірқатар қызметкерлерге Төтенше жағдайлар министрлігінің және департамент басшылығының атынан арнайы атақтар, алғыс хаттар мен құрмет грамоталары табысталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің атынан да бірқатар азаматтарға алғыс хаттар берілді. Марапатталғандар қатарында әртүрлі бөлімшелерде қызмет ететін азаматтық қорғау лейтенанттары, майорлары, капитандары мен сержанттары, сондай-ақ, өрт сөндіру және құтқару бөлімдерінің қызметкерлері бар. Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, бейбіт күннің бағасын арттыратын бұл мерекенің рухын сезінді.
Ақтөбе облысының ТЖД