Облыста 3 адам суға батып кетті

Облыста 3 адам суға батып кетті

Күннің көзі жылынғаны жақында екеніне қарамастан облыста 3 адам суға батып кетті. Бірінші жағдай Қобда ауданының Қобда өзенінде орын алды. 1996 ж.т. азамат мас күйінде суға түсіп, батып кеткен. Құтқарушылардың күшімен азаматтың денесі 4 метр тереңдіктен жағаға шығарылды.

Әрі қарай, 8 мамыр күні Ақтөбе қаласы, Чекалин көшесі, 6-шы түрме ауданындағы өзенде белгісіз адамның денесі табылғаны туралы хабарлама келіп түсті. Шақырту орнына құтқарушылар жедел түрде жіберіліп, Жіңішке өзені жағасынан 2 метр қашықтықта және 1 метр тереңдіктен 1944 ж.т. әйел адамның денесі судан шығарылды. Айта кету керек қаза болған азаматша сырт киіммен болған. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін полиция қызметкерлері тергеу жұмыстарын жүргізуде.

Соңғы жағдай 9 мамыр күні Хромтау ауданындағы Ойсылқара өзенінде тіркелді. Аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сәйкес, 1960 ж.т. азамат жолдастарымен балық аулауға барып, мас күйінде сырт киімімен суға түсіп кеткен. 61 жастағы азаматтың денесі қасында болған куәгерлердің күшімен жағаға шығарылған.

Ақтөбе облысы ТЖД қызметкерлерінің айтуынша тұрғындар құтқарушылардың ескертуін елемейді және салдары туралы ойламастан жабдықталмаған және қауіпті жерлерде шомылуын жалғастыруда.

Жылдың осы уақытында, әдетте, адамдар жоғары ауа температурасында суық суға батқан кезде дене температурасының күрт өзгеруі нәтижесінде пайда болатын ми тамырларының спазмынан көз жұмып жатады.

         Суға шомылу кезінде жол берілмейді:

1) мас күйінде және есірткіге масайған күйде суға түсуге және шомылуға;

2) қайықтардан, катерлерден, өткелдерден, сондай-ақ осы мақсатқа арналмаған құрылыстардан суға секіруге;

3) тексерілмеген және жабдықталмаған жерлерде суға сүңгуге;

4) жүзу шегін білдіретін қалтқы белгілерден асуға;

5) жүзуге арналмаған заттармен жүзуге;

6) су айдындарын ластауға және қоқсытуға;

7) жағалауда және киім ауыстыратын орындарда демалушыларды жарақаттауы мүмкін қоқыстарды қалдыруға;

8) жалған дабыл беріп айғайлауға;

Ақтөбе облысының ТЖД

Азаматтық қорғаныс басқармасы