Наурыз мерекесінде жүргізілген құтқару жұмыстары

Наурыз мерекесінде жүргізілген құтқару жұмыстары

20-23 наурыз аралығында Ақтөбе облысы ТЖД құтқарушылары бірқатар авариялық-құтқару және іздестіру құтқару жұмыстарын жүргізді.

Ағымдағы жылдың наурыз айының 19-нан 20-на қараған түні сағат 02:00 шамасында «112» пультіне «Ақниет» шару қожалығынан шығып, адасып кеткен азамат хабарласты.

Сол бойда Темір аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, ПБ және аудан әкімшілігімен біріккен іздестіру тобы құрылып, іздестіру жұмыстары жүргізілді.

Шұғыл іздестіру жұмыстары нәтижесінде сағат 12-де адасып кеткен Атырау облысы Құлсары қаласының 2 тұрғыны Шұбарқұдық кентінен 15 шақырым жерде орналасқан Тоғай аумағынан табылып, аудан орталығына аман-есен жеткізілді.

Сол күні  Ойыл ауданының Көптоғай тас жолында екі авариялық-құтқару жұмыстары жүргізілді. Бірінші хабарлама Ақтөбе облысы ТЖД кезекші-диспетчерлік қызметінің пультіне 09 сағат 05 минутта  келіп түсті. Хабарламада 2 жеңіл автокөлік 5 жолаушысымен қар құрсауында қалып қойғандығы белгілі болды. Шақырту орнына №18 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 4 адам, 1 Нива көлігі шықты. Жүргізілген қар  тазарту жұмыстарынан кейін, құтқарушылардың техникасымен автокөліктер жол бойына шығарылды.

Ал екінші хабарлама кешкі сағат 20:00 шамасында Ойыл ауылынан 3 шақырым қашықтықта Ойыл-Көптоғай тас жолында Lada  Granta автокөлігі жолаушыларымен қар құрсауында қалып қойғандығы туралы болды. Аудандық өрт сөндіру бөлімінің жедел тобы оқиға орнына жеткенде автокөліктің қозғалтқыш белдігі үзіліп кеткендігі анықталды. Құтқарушылар күшімен 4 жолаушы Ойыл ауылына жеткізілді. Денсаулықтарына қауіп жоқ.

Бұдан басқа, 20 наурызда Мұғалжар ауданында таңғы сағат 8 шамасында белгісіз бағытта ауа-райының боранды болуына қарамастан «Шоқырат» шаруашылық қожалығынан шығып, адасып кеткен 1977 ж.т. азаматты іздестіру жұмыстары жүргізілді. 12 сағат бойы жүргізілген іздестіру жұмыстарына №23 өрт сөндіру-құтқару бекетінің жеке құрамынан 4 адам, 1 өтімділігі жоғары ТРЭКОЛ көлігі жұмылдырылды. Нәтижесінде құтқарушылардың көмегімен аталған азамат Ембі қаласынан 30 шақырым қашықтықтан аман-есен табылды. Медициналық көмек қажет етілмеді.

Ақтөбе облысының ТЖД азаматтарға қауіпсіздік ережелерін сақтауды сұрайды. Дауылдық ескертулерге немқұрайлы қарамай, елді-мекеннен шықпауды ұсынады. Жолдардың жағдайы туралы ақпаратты Darmen ұялы қосымшасынан біле аласыз.

 

Ақтөбе облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы