Өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулық

Өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулық

Өрт қауіпсіздігі жөніндегі Нұсқаулықтар кез-келген ұйымдағы өрт қауіпсіздігі бойынша негізгі жергілікті құжаттар болып табылады.

Өрт қауіпсіздігі жөніндегі барлық іс-шаралар басшының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы бұйрық шығаруынан басталады («Өрт қауіпсіздігі қағидалары» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 қазандағы №1077 қаулысының 2-тармағының 2-4 тармақшасы), ол өрттің алдын алуды ұйымдастыру бөлігіндегі негізгі заңды құжат болып табылады. Осы бұйрық аумақты, ғимараттарды, құрылыстарды, үй - жайларды, жарылыс және өрт қауіпті өндірістік учаскелерді өртке қарсы қорғауды ұйымдастыру бөлігінде негізгі ережелерді, нұсқаулықтар мен ұсынымдарды қолданысқа енгізеді, сондай-ақ кәсіпорын бөлімшелерінде өрт қауіпсіздігіне жауапты адамдарды тағайындайды және олардың қызметін регламенттейді.

Өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулық Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 қазандағы №1077 қаулысымен өрт қауіпсіздігі қағидаларының 1-тармағының 1-1-тармақшасына сәйкес ғимараттардың, құрылыстардың, үй-жайлардың, технологиялық процестердің, технологиялық және өндірістік жабдықтардың өрт қауіптілігінің ерекшелігіне қарай әзірленеді.

Өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулықтар адамдарды, жануарларды, мүлік пен материалдық құндылықтарды эвакуациялау жоспарларын қосымша ретінде қамтуға тиіс (ӨҚҚ 2-тармағының 2-6-тармақшасы).

Нұсқаулықта көрсетілетін сұрақтар нұсқаулықта көрсетілуге тиіс мәселелердің тізбесі Өрт қауіпсіздігі қағидаларында көрсетілген. Олардың әрқайсысын қалай орындалатыны түсінікті болатындай етіп сипаттаңыз. Бұл көбінесе Сіздің қызметіңіздің ерекшелігіне байланысты болады. Осылайша Сіз Нұсқаулықтың мазмұнына қойылатын заңнама талаптарын орындайсыз. Нұсқаулықты дайындау кезінде 2014 жылғы 9 қазандағы №1077 Өрт қауіпсіздігі қағидаларын негізге алуға болады.

Нұсқаулық бес тараудан тұрады:

1) өрт қауіпсіздігі бойынша жалпы талаптар;

2) жұмыс басталар алдындағы өрт қауіпсіздігі жөніндегі талаптар;

3) жұмысты орындау кезіндегі өрт қауіпсіздігі жөніндегі талаптар;

4) жұмыс аяқталғаннан кейін өрт қауіпсіздігі жөніндегі талаптар;

5) авариялық жағдайларда өрт қауіпсіздігі жөніндегі талаптарды қамтуға тиіс.

Өрт қауіпсіздігі шаралары туралы Нұсқаулықта мынадай мәселелер көрсетілуі қажет («Ұйымдастыру-техникалық іс-шаралардың жалпы ережелері» 2014 жылғы 9 қазандағы №1077 Өрт қауіпсіздігі қағидалары).

- аумақты, ғимараттарды, құрылыстар мен үй-жайларды, оның ішінде эвакуациялық жолдарды ұстау тәртібі;

- жабдықты пайдалану және өрт қауіпті жұмыстарды жүргізу кезінде технологиялық процестердің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар;

- өрт-жарылыс қауіпті заттар және өрт қауіпті заттар мен материалдарды сақтау, тасымалдау тәртібі мен нормалары;

- жұмыс аяқталғаннан кейін үй-жайларды тексеру және жабу тәртібі;

- темекі шегуге, ашық отты пайдалануға, көліктен өтуге және отпен немесе өзге де өрт қауіпті жұмыстарды жүргізуге арналған орындардың орналасуы;

- жанғыш заттар мен материалдарды жинау, сақтау және жою, арнайы киімді ұстау және сақтау тәртібі;

- үй-жайлардағы шикізаттың, жартылай фабрикаттардың және дайын өнімнің рұқсат етілген саны;

- жанғыш қалдықтар мен шаңды жинау, майланған арнайы киімді сақтау тәртібі мен кезеңділігі;

-бақылау-өлшеу аспаптарының шекті көрсеткіштері (манометрлер, термометрлер және т. б.), олардың ауытқуы өрт немесе жарылыс тудыруы мүмкін;

- қызметкерлердің өрт кезіндегі, оның ішінде өрт күзетін шақыру, технологиялық жабдықты авариялық тоқтату, желдеткішті және электр жабдығын ажырату (оның ішінде өрт болған жағдайда және жұмыс күні аяқталғаннан кейін), өрт сөндіру және өрт автоматикасы құралдарын пайдалану, жанғыш заттар мен материалдық құндылықтарды эвакуациялау, кәсіпорынның (бөлімшенің) барлық үй-жайларын қарау және өрт-жарылыс қауіпсіз жай-күйге келтіру кезіндегі міндеттері мен іс-әрекеттері.

«Өрт қауіпсіздігі қағидалары» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 9 қазандағы №1077 қаулысының 2-тармағына сәйкес ұйымдардың қызметкерлері өрт қауіпсіздігі мәселелері бойынша нұсқаулықтан өткеннен кейін ғана жұмысқа жіберіледі, ал жұмыстың ерекшелігі өзгерген кезде ықтимал өрттердің алдын алу және оларды сөндіру бойынша қосымша оқытудан өтеді. Ұйымдардың қызметкерлері мен халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту тәртібі және өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту жөніндегі оқу бағдарламаларының мазмұнына қойылатын талаптар «Ұйымдардың қызметкерлері мен халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту қағидаларын және өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту жөніндегі оқу бағдарламаларының мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы» № 276 бұйрықпен (16.09.2015 жылғы №777 бұйрыққа өзгерістер енгізу) бекітілген.

Жұмысшылардың, қызметшілердің өрт қауіпсіздігі шаралары туралы нұсқаулық талаптарын сақтауын бақылау кәсіпорындардың, ұйымдардың, мекемелердің және коммерциялық құрылымдардың әкімшілігіне жүктеледі.

 

 

Ақтөбе облысы ТЖД

МӨББ