Бүгін Ақтөбе облысы ТЖД Дағдарыс орталығында Департаменттің, оның аумақтық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты мекемелерінің 2020 жылға арналған жедел-қызметтік жұмысының қорытындысы және 2021 жылға қойылған міндеттер туралы жедел кеңес өтті. Жиынға Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Серікұлы Қалауов, Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы Амангелді Шайхоллаұлы Нұғманов, Департамент басшылығы мен жеке құрамы, ал аумақтық бөлімшелері онлайн-режимде қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес Департамент бастығы Марғұлан Аманбаев 2020 жылғы Департамент жұмысының қорытындысы туралы баяндама жасады: есепті кезеңде Департамент пультіне 320 мыңнан астам телефон қоңыраулары келіп түсті, оның ішінде 108 мыңнан астам қоңырау ТЖ туындау қаупі немесе туындау фактісі туралы хабарламаларға қатысты болды.
Қоңыраулардың көбеюі қысқы кезеңнің асқынуына және коронавирустық инфекцияға қатысты елдегі жағдайға байланысты болды.
2020 жылы ТЖД бөлімшелері авариялық - құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарға 3 718 (2019 ж.-3715, +0,1%) шығуды жүзеге асырды, нәтижесінде 1 196 адам құтқарылды (2019 ж. – 890, +34,4%), 1 643 адам эвакуацияланды (2019 ж. – 2787, -41%), 162 зардап шегушіге дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілді (2019 ж. – 218, -25,7%).
Сондай-ақ, құрылымдық басқарма бастықтарының атқарған жұмыстары туралы баяндамалары тыңдалды, онда мемлекеттік өрт бақылау, есептік тіркеу тәртібі бойынша маңызды мәселелер қозғалды. Атқарылған жұмыстарды қорытындылай келе, Ақтөбе облысы ТЖ Департаментінің бастығы азаматтық қорғау полковнигі М.Т. Аманбаев Департамент бөлімшелерінің жұмысына оң баға беріп, 2021 жылға арналған міндеттерді белгіледі.
Ақтөбе облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы