Ақмолалық құтқарушылар боранды күні үш адамнан тұратын отбасын іздестірді

Ақмолалық құтқарушылар боранды күні үш адамнан тұратын отбасын іздестірді

Аталмыш оқиға 10 қаңтарда кешке таман Ерейментау ауданында орын алды. Еркіншілік ауылының тұрғындары ұлын жоспарлы тексеруден өткізу үшін аудан орталығына бармақшы болған. Салонда қолы сынған бала, жүкті анасы мен көлікті жүргізген әкесі болған, - деп хабарлайды Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Бір сәтте көлік "Ерейментау-Торғай" бағытынан бұрылып кеткен, ер адам су іздеп әкелмекші болып адасып кеткен. Далада желдің жылдамдығы секундына отыз метр, көріну нөлге тең. Жолдасын ұзақ күткен әйел жедел жәрдем мен құтқарушылардың көмегіне жүгінген.
Ерейментау ауданының ТЖ бөлімінің бастығы Амангелді Доскенов көмекке мұқтаж жандардың хабарламасын алып, дереу "Трэкол" маркалы көлікпен жолға шыққан, алайда нөлдік көріну салдарынан құтшарушыларға далада адасып қалғандарды жаяу іздеуге тура келді.
Өзін жеңіл үсік шалғанмен бөлім бастығы іздеуді тоқтатпаған, жүкті әйел мен баласы бар көлікті нөлдік көріну жағдайында әзер тапқан. Қай жерде тұрғандарын әріптестеріне айтып, жол талғамайтын көлікке қарай жаяу бет алған.
Анасы мен баласы құтқарушылардың көлігімен жедел-жәрдем қызметкерлеріне жеткізілді. Сонымен қатар, үйдің отағасы жақын маңдағы блок-бекетке аман-есен жеткен.
Қуанышқа орай, құтқарылғандардың өмірі мен іштегі балаға қауіп төнген жоқ. Дауылды, аязды күндерде мұндай қуанышты оқиғалар жиі орын алады.
Ақмола облысының ТЖД метеорологиялық жағдайлар нашарлаған жағдайда ұзақ сапарларға автомобильмен шығудан бас тартуды сұрайды. Елді мекендерден тыс сапарды жоспарлау кезінде синоптиктердің болжамын тыңдаңыз, құтқару қызметінің SMS хабарламаларын назарға алыңыз.
Өзіңізге және жақындарыңызға қамқор болыңыз.

Ақмола облысының ТЖД баспасөз қызметі