Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман

Әрбір өрт сөндіруші – қаһарман

Жүректілік пен батылдылықты талап ететін ең қауіпті мамандық иелері – өрт сөндірушілер. Олар үнемі өмір мен өлім арасында арпалыста жүреді. Біз оларды бейбіт күннің батырлары десек те жарасады. Өрт сөндірушілердің бір күндік өмірі қалай өтетінін көзбен көріп, танысу мақсатында Державин қаласы Ақмола облысының Төтенше жағдайлар Департаменті «ӨСжәнеАҚЖҚ» мемлекеттік мекемесінің №12 өрт сөндіру бөліміне назар салайық.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – №12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі азаматтық қорғау кіші сержанты Садыков Руслан. Ол Ақмола облысы, Державин қаласының тумасы. 2022 жылдан бері өрт сөндіруші болып қызмет етеді.
          Өрт сөндіруші – ер жүректілер мамандығы. Бұл салаға кез келген адам келеді деп ойламаймын. Біздің қызметте өжеттілік, батылдылық пен төзімділік қажет. Менің өрт сөндіру қызметінде жүргеніме бір жыл болды. Мамандығым өзіме ұнайды. Елге қызмет етуге әрқашан дайынбыз, – деп сөзін қысқа қайырды азаматтық қорғау кіші сержанты Садыков Руслан.

          Өрт тілсіз жау болғанымен өздігінен пайда болмайды. Ол көп жағдайда адамдардың ұқыпсыздығынан, бейқамдығынан шығып жатады. Адамдарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырып, алдын алу жұмыстарын жүргізсек те мән бере бермейтіні өкінішті. Содан кейін қайғылы жағдайлар орын алып жатады, – дейді бейбіт күннің батыры.

          Азаматтық қорғау кіші сержантының айтуынша, көбіне тілсіз жауға себепкер болатын адамдардың өздері. Апат айтып келмейді. Сондықтан пешті, электрлік құрылғыларды уақытылы қадағалап өшіріп, бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді қараусыз қалдырмауын сұраймыз.

          Сөз соңында айтарымыз өмір мен өлім арасында жүрген, елі үшін ерен еңбек етіп жүрген азаматтар қашанда мақтан етуге тұрарлық. Сондықтан отпен ойнамайық, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтайық.

Державин қ 12-ӨСБ