2023 жылғы 05 шілдеде сағат 03-09-да Бурабай ауданы, Бурабай ауылындағы жазғы дәмханада өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті, – деп хабарлайды Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Шақырту орнына бірден Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамының 38 адамы мен 10 техникасы, «Бурабай» МҰТП 2 қызметкері мен 2 техникасы жөнелтілді.
Қабылданған жедел іс-шаралармен 04-13 оқшауланған өрт 05-04-те жойылды. Жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда.
«Келген уақытта жазғы дәмхананың ғимараты толығымен өртке оранғаны байқалды, бұл хабарламаның кеш түскенін көрсетеді. Лезде қосымша күштер мен құралдарды тарту туралы шешім қабылданды. Сөндіру кезінде төрт газ баллоны жарылып, өрттің көршілес ғимараттарға одан әрі тез таралуына ықпал етті. Жедел қабылданған шаралар өрттің тұрғын үйлерге таралуының алдын алды», – деді Щучье қ. жасағының бастығы Руслан Базарбаев.
Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыс қонақтары мен тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салады. Өрт болған жағдайда дереу «101» және «112» телефондарына хабарласыңыз.
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі