Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің балаларына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Ренат Валишанов балалар мен олардың ата-аналарын мерекемен құттықтап, бүлдіршіндерге зор денсаулық, бақытты балалық шақ, жарқын әсерлер мен армандарының орындалуын тіледі.
Шара аясында бір апта бұрын жарияланған балалар суреттері байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Үздік жұмыстар департаменттің ресми парақшасының жазылушылары арасында өткізілген дауыс беру нәтижесі бойынша анықталды. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Балалар үшін ерекше қызығушылық тудырған бөлім — ата-аналары еңбек ететін мамандықпен танысу болды. Кішкентай қонақтар құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің қызмет ерекшеліктерімен танысып, күнделікті жұмыста қолданылатын техника мен арнайы жабдықтарды көрді.
Мерекенің жарқын сәттерінің бірі кинологтың Марсель есімді қызметтік итімен бірге көрсеткен өнері болды. Бұл көрініс балаларға ерекше қуаныш сыйлады.