Көкшетауда ерекше сайыстар өтті

Көкшетауда ерекше сайыстар өтті

Көкшетау қаласындағы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде Ақмола облысы ТЖД қызметкерлері арасында спорттық-интеллектуалдық байқау өтті. Іс-шара ҚР ТЖМ-нің 30 жылдығына, ұлы ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына және Қазақстан халқы тілдері күніне арналды.

 

Байқаудың басты мақсаты – қызметкерлердің физикалық дайындығын, логикалық және стратегиялық ойлау қабілетін тексеру, мемлекеттік тілді кәсіби және күнделікті өмірде дамыту, Абай Құнанбайұлының өмірбаянын зерделеу, стресстік жағдайда жұмыс істеу, қозғалысты үйлестіру және стандарттан тыс жағдайларда әрекет ету дағдыларын қалыптастыру болды.

 

Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – «Шабуыл сатысымен көтерілу + қазақ тілі». Қатысушылар саты арқылы көтеріле отырып, әр қабатта мемлекеттік тілде және Абай өмірбаянына қатысты тапсырмалар алды. Дұрыс жауап бермейінше, келесі қабатқа көтерілуге рұқсат берілмеді. Ұқсас шарттар кедергілер арқылы жүгіру кезеңінде де болды – қатысушы тек жылдамдықпен ғана емес, логикалық ойлауымен де ерекшеленуі тиіс еді.

Жеңімпаздар кезеңдерді өту уақыты мен тапсырмаларға дұрыс жауап саны бойынша анықталды.

Байқау нәтижесі бойынша:

  • I орын – Қосшы қаласындағы №35 ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы Алихан Бексұлтан;
  • II орын – Бұланды аудандық №8 ӨСБ қызметкері Ержан Балташев;
  • III орын – Шортанды аудандық №18 ӨСБ қарауыл бастығы Жандос Дәуітұлы.

 

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі