Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментінде діни қауіпсіздік тақырыбында семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – деструктивті діни ағымдардан туындайтын қауіптерді талқылау және олардың алдын алу жолдарын қарастыру.
Семинар азаматтық қорғау органдары қызметкерлері мен олардың жақын туыстарының деструктивті діни ағымдарға тартылуына жол бермеу бағытындағы профилактикалық жұмыс аясында ұйымдастырылды. Мұндай ағымдар – қоғамның қалыптасқан нормаларына, құндылықтарына және дәстүрлеріне қайшы келетін әрекеттерге бағытталған.
Семинар барысында Ақмола облысы Дін істері басқармасының теолог маманы Еркелді Айткожа баяндама жасады. Ол деструктивті діни ағымдардың мәнін ашып, олардың жалған құндылықтарды жамылып, қоғамға тигізетін зиянын түсіндірді. Сонымен қатар, қазіргі таңда әлеуметтік желілер де қауіп төндіретінін, өйткені олар жалған діни насихат жүргізетін адамдар үшін алаңға айналып бара жатқанын атап өтті.
Семинар соңында Еркелді Айткожа қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Ақмола облысының ТЖД