«Жас құтқарушы» облыстық слетінің жеңімпаздары анықталды

«Жас құтқарушы» облыстық слетінің жеңімпаздары анықталды

Көкшетау қаласында Ақмола облысының мектеп оқушылары арасында өткен «Жас құтқарушы» облыстық слеті өз мәресіне жетті.

Жас қатысушылар ептілік, батылдық және төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын көрсетті.

Слеттің екінші күнінде ең жауапты әрі әсерлі байқаулардың бірі — «Су айдынындағы құтқару жұмыстары» өтті. Копа көліндегі құтқару станциясы базасында жас құтқарушылар суға батып жатқан адамды құтқару үшін құтқару шеңберін лақтыру мен қайықпен есу жарыстарында бақ сынады. Қатысушылардың қауіпсіздігін кәсіби құтқарушылар мұқият бақылап отырды.

Барлық кезеңдер аяқталғаннан кейін слеттің жабылу салтанаты өтті. Қазылар алқасы ұпайларды есептеп, жеңімпаздарды жариялады.

 Үшінші орынды Қосшы қаласының командасы иеленді.

 Күміс жүлде — Біржан сал ауданының командасында.

 Слеттің жеңімпазы — Көкшетау қаласының командасы. Олар жақын арада өтетін республикалық слетте өңір намысын қорғайтын болады.

Ұйымдастырушылар қатысушылардың жоғары дайындық деңгейін атап өтіп, мұндай іс-шаралардың оқушылар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.

Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметі