ТЖ вице-министрі Абай облысының қысқы дайындық деңгейін тексерді

ТЖ вице-министрі Абай облысының қысқы дайындық деңгейін тексерді

  Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі генерал-майор Кеген Тұрсынбаев Абай облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің қысқы кезеңге дайындығын, стратегиялық маңызы бар нысандардың ахуалын және халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды жан-жақты саралады.

  Сапардың алғашқы күнінде вице-министр Бесқарағай ауданының Қарабас ауылында орналасқан трассалық медициналық-құтқару пунктіне барды. Сонымен қатар, ол Абай облысының жергілікті атқарушы органдары мен облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қолдауымен «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында салынып жатқан өрт сөндіру пунктінің құрылысымен танысты. Бұл нысандар ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.

  Іс-сапар барысында Бесқарағай ауданының Канонерка ауылында орналасқан «Семей орманы» РММ МОжТҚ Канонерка филиалының орман өрттеріне қарсы станциясы да қаралды. Бұл бөлімше Төтенше жағдайлар департаменті мен «Семей орманы» арасындағы өзара іс-қимыл аясында Канонерка және Қарамырза ауылдарындағы тұрмыстық және табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсетеді.

  Сапардың екінші күнінде вице-министрі Кеген Тұрсынбаев жұмыс сапарымен Абай облысына келіп, Жарма және Көкпекті аудандарында азаматтық қорғау күштері мен құралдарының қысқы кезеңге дайындығын тексерді. Жарма ауданында вице-министр арнайы саптық тексеруге қатысып, Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты техниканың жай-күйі мен жеке құрамның, сондай-ақ 68303 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінің қысқы кезеңдегі қызмет атқаруға әзірлігі зерделенді.

  Сонымен қатар, қыс мезгілінде жиі қар құрсауында қалатын, қауіптілігі жоғары «Байбұра» автомобиль жолының учаскесіне тексеру жүргізілді. Аталған аумақта орналасқан уақытша паналау пунктінің қазіргі талаптарға толық сәйкес келмейтіні анықталды.

   «ҚазАвтоЖол» компаниясының өкілдерімен бірлесіп, бұрын жоспарланған жобаны жаңғырту мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, жаңа жылыту пунктінің ғимараттарын салу, арнайы техниканы орналастыруға арналған жылы бокстарды жабдықтау, сондай-ақ қысқы кезеңде жедел әрекет етуді қамтамасыз ету үшін тікұшақ алаңын салу мәселелері қарастырылды.

  Сапар қорытындысы бойынша Кеген Тұрсынбаев өңірдегі төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарына оң баға беріп, халықтың қауіпсіздігі - мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екенін ерекше атап өтті.