ОСК-да ЕКПА-ның баяндамашысымен кездесу өтті

ОСК-да ЕКПА-ның баяндамашысымен кездесу өтті

2025 жылғы 6 мамырда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) Қазақстан бойынша баяндамашысы, Венгрия Парламентінің депутаты Жолт Неметпен кездесуі өтті.

Мұхтар Ерман Қазақстан Республикасы мен Еуропа Кеңесінің тығыз байланысын атап өтіп, елдегі сайлау процесінің өзекті мәселелері, ең алдымен Президент Қ.К.Тоқаев бастамашылық еткен конституциялық реформаны іске асыру контексіндегі сайлау жүйесінің трансформациялану мәселелері туралы айтты. Ол сондай-ақ сайлау органдарын дамыту және кәсібилендіру, елдегі сайлау науқандарының тарихы, ауылдар мен аудандар әкімдерін сайлау, Орталық сайлау комиссиясы жанындағы диалог алаңдарының рөлі мен маңыздылығы, халықаралық ынтымақтастықты және сайлауды бақылау институтын кеңейту, сонымен қатар сайлау процесінің барлық кезеңдерінде ашықтық пен айқындықты қамтамасыз ету, сайлау учаскелерінде БАҚ өкілдерінің қызметіне қажетті жағдайлар жасау мәселелеріне тоқталды.

Елдегі сайлау науқандарын халықаралық байқау және халықаралық байқау институттарымен өзара іс-қимыл мәселелеріне және сайлау стандарттары мәселелері бойынша ашық диалогтың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Жолт Немет өз кезегінде сайлау жүйесінде болып жатқан өзгерістерге жоғары баға беріп, «Қазақстандағы соңғы сайлау еркін болды, бұл сайлау жүйесін реформалау нәтижелерін көрсетеді» деп атап өтті. Ол сондай-ақ сайлау жүйесінің елеулі дамуын және ДИАҚБ/ЕҚЫҰ және басқа институттармен өзара іс-қимылдың жүйелі деңгейін атап өтті.

Немет мырза қазақстандық тараптың диалогқа ашықтығы үшін ризашылығын білдіріп, ЕКПА-ның сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендігін атап өтті.

Кездесу соңында Мұхтар Ерман Жолт Неметке мемлекеттің сайлау жүйесін дамыту туралы «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесінің трансформациялануы» монографиясының ағылшын тіліндегі данасын табыс етті.