2025 жылғы 15-16 сәуірде Вильнюс қаласында (Литва) «Сайлау заңнамасының тұрақтылығы – практикалық аспектілер» тақырыбында сайлауды басқару органдарының 20-шы Еуропалық конференциясы өтті.
Іс-шараны Литва Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Еуропа Кеңесінің Демократиялық сайлау жөніндегі кеңесімен бірлесіп ұйымдастырды. Пленарлық отырысты Литва Республикасы Парламенті спикерінің орынбасары Раймондас Сукис, Еуропа Кеңесінің Демократиялық сайлау жөніндегі кеңесінің президенті Стюарт Диксон, Венеция комиссиясының Вице-президенті және мүшесі Мартин Куйер, Еркін және әділ сайлау үшін парламенттік альянстың Төрағасы Дэвид Бленкатор ашты.
Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары М.Ерман және Қазақстан Республикасы Конституциялық Соты Аппаратының бөлім меңгерушісі Э.Қалиева қатысты.
Конференцияда Австрия, Албания, Босния және Герцеговина, Литва, Молдова, Нидерланды, Норвегия, Эстония сайлау органдарының тәжірибесінің практикалық аспектілері қаралды, Венеция комиссиясының, Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясының және ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының өкілдері сөз сөйледі.
Спикерлер сайлау құқығы саласындағы негізгі халықаралық стандарттардың сақталуын қамтамасыз етудің маңыздылығын, сондай-ақ сайлауды ұйымдастыруға жауапты органдардың демократиялық институттардың жұмыс істеуін қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.
Ықтимал тәуекелдерді талдауды ескере отырып, сайлау процестерінде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті қолданудың әлеуетті мүмкіндіктері қарастырылды. Сайлау заңнамасы белгілі бір тұрақтылыққа ие болуы керек, бұл құқықтық сенімділіктің маңызды аспектісі болып табылады және сайлау процесіне сену үшін өте маңызды. Сонымен бірге, бірқатар сарапшылардың пікірінше, заңнамаға өзгерістер қоғамдық-саяси дамудың ұлттық ерекшеліктері мен басымдықтарын ескере отырып енгізілуі тиіс.
Ирландия, Литва, Нидерланды, ДИАҚБ, Венеция комиссиясы және т.б. делегациялармен кездесулер барысында конституциялық реформа аясында Қазақстанның сайлау жүйесін трансформациялау ерекшеліктері таныстырылды. Кәсіби байланыстарды жалғастыру туралы келісімдерге қол жеткізілді.
ҚР ОСК бастамасымен және қолдауымен ағылшын тілінде жарияланған басылымдар, сондай-ақ Қазақстан тарихы бойынша танымал кітаптар Мицкевич атындағы Вильнюс өлкелік кітапханасы мен Врублевский атындағы Литва Ғылым академиясы кітапханасының қорына сыйға тартылып, толықтырылды.