Қазақстандық делегация Ресей Федерациясындағы сайлауды байқауды аяқтады

Қазақстандық делегация  Ресей Федерациясындағы сайлауды байқауды аяқтады

14-18 наурыз аралығында құрамында 58 адам бар қазақстандық делегация 2024 жылғы 15-17 наурыз аралығында өткізілген Ресей Федерациясы Президентінің сайлауында байқауды жүзеге асырды. Делегацияның құрамында ҚР ОСК-нан 2 адам, ТМД Миссиясының байқаушылары – 48 адам, ТМД Парламентаралық Ассамблеясынан – 2, ШЫҰ Миссиясынан – 1, сондай-ақ Мемлекеттік дума мен Ресей Федерациясы Кеңесінің шақыруымен 5 адам бар.

14 наурызда Мәскеу қаласында ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіровтың ресейлік әріптесі Элла Памфиловамен екіжақты кездесуі өтті. Іс-шараға ҚР ОСК хатшысы Мұхтар Ерман қатысты.

Кездесу барысында Нұрлан Әбдіров ағымдағы сайлау науқаны барысында мерзімінен бұрын, көпкүндік және қашықтықтан электрондық дауыс беруді (ҚЭДБ) өткізуге қызығушылық танытты.

Элла Памфилова сайлаушылар үшін мерзімінен бұрын дауыс беру мүмкіндігі 25 ақпан мен 14 наурыз аралығында ашылғанын хабарлады. Қол жетпейтін немесе шалғайда орналасқан жерлерге ерекше назар аударылады. Шетелде тұратын ресейліктер үшін мерзімінен бұрын дауыс беру 1 наурыздан бастап қол жетімді болды.

ҚЭДБ алғаш рет Ресей Федерациясының 29 аймағында, соның ішінде Мәскеуде өткізілді. Өтінімдер 29 қаңтардан бастап қабылданды. Осы федеративті субъектілерде тұратын 38 миллион сайлаушының 4,5 миллионы мерзімінен бұрын дауыс беруге ниет білдірді.

Қазақстан ОСК басшысы әріптесіне мазмұнды әңгіме үшін алғысын білдіріп, сайлауды байқауға қатысуға шақырғаны үшін, сондай-ақ Ресей тарапының Қазақстан Республикасындағы сайлау науқандарын байқауға дәстүрлі түрде белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.

Тараптар 2009 жылы қол қойылған тиісті хаттама шеңберінде сайлау науқандарын ұйымдастыру және өткізу тәжірибесін зерделеу бойынша екі елдің орталық сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі нақты қадамдар туралы уағдаласты.

ҚР ОСК төрағасы 15 наурызда байқау мақсатында Мәскеу қаласының №№ 683, 646 және 654 сайлау учаскелеріне барып, сайлау процесінің ұйымдастырылуымен, электрондық дауыс беру барысында сайлаушылардың дауыстарын санау үшін пайдаланылатын «электрондық жәшік» деп аталатын сайлау бюллетеньдерін өңдеу кешенінің жұмысымен нақты танысты.

Сол күні ҚР Ортсайлаукомның басшысы «Сайлау егемендігі және халықаралық стандарттар» халықаралық конференциясының жұмысына қатысты.

Конференция жұмысына басқа елдердің сайлау органдары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, сайлау процесі саласындағы сарапшылар – барлығы 200-ден астам адам қатысты.

«Сайлау жүйесін трансформациялау: Қазақстан Республикасының тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасай отырып, Нұрлан Әбдіров конференцияға қатысушыларды Қазақстанның сайлау жүйесі, республиканың сайлау органдарын қалыптастырудың негізгі кезеңдері туралы хабардар етті, сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен және 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдумда жалпыхалықтық қолдау тапқан конституциялық реформа аясында ұлттық сайлау заңнамасын жаңартуға егжей-тегжейлі тоқталды.

16 наурыз сенбіде Нұрлан Әбдіров конференцияның екінші күніндегі жұмысына қатысты. Іс-шара аясында ҚР ОСК басшысы Халықаралық парламентшілер конгресінің (International Parliamentarians Congress) Бас хатшысы Ситара Айаз ханыммен келіссөздер жүргізді. Ынтымақтастық пен серіктестік перспективаларын талқылады, сондай-ақ сайлау саласының өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты.

16 наурызда ҚР ОСК Төрағасы Мәскеу қаласының орталық әкімшілік округінің бірқатар сайлау учаскелерінде болып, 17 наурызда Мәскеу облысының Подольск қаласының сайлау учаскелерінде байқау жүргізіп, сайлау комиссияларының өкілдерімен және қоғамдық байқаушылармен сөйлесті.

ТМД-дан байқаушылар миссиясының құрамында Ресей Федерациясындағы сайлауды байқауға Санкт-Петербург қаласында байқауды жүзеге асырған ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров, Мәскеу қаласында сайлауды байқаған ОСК хатшысы Мұхтар Ерман және Башқұртстанның сайлау учаскелеріне барған ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина да қатысты. Көп күндік дауыс беру, дауыстарды санауды автоматтандыру және азаматтардың ерік білдіруінің сақталуы мен өзгермейтіндігін қамтамасыз ету кезінде сайлау процесін ұйымдастырудың ерекшеліктеріне байқау жүргізілді.

18 наурызда Нұрлан Әбдіров Ресей Федерациясының Президентін сайлауда байқауды жүзеге асырған шет елдердің сайлау органдары өкілдерінің брифингіне қатысты. Атап айтқанда, ол сайлау өткізу барысымен жеке танысқанын, сондай-ақ сайлау учаскелерінде болған сайлаушылармен, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен және БАҚ өкілдерімен әңгімелескенін атап өтті. Сайлаушылардың дауыс беруге белсенді қатысуын және жергілікті сайлау органдары мүшелерінің кәсіби дайындық деңгейін атап өтті. Дауыс беру белгіленген тәртіпті сақтай отырып, жергілікті және халықаралық байқаушылардың, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен тыныш өтті.

ОСК хатшысы, ТМД миссиясының үйлестірушісі Мұхтар Ерман Ресей Федерациясының Президентін сайлау ұлттық заңнамаға сәйкес өткенін атап өтті.

Жалпы, байқаушылардың бағалауы бойынша заңнама мен дауыс беру тәртібін өрескел бұзушылықтар тіркелген жоқ. Келушілер өте жоғары болды, әсіресе 15-16 наурызда. Дауыстарды санау рәсімдері жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс жүзінде барлық сайлау учаскелері қоғамдық байқау орталығына трансляциямен бейнебақылаумен қамтылды.