ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ ӨҢІРЛЕРДЕГІ САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНЕ ИНСПЕКЦИЯЛЫҚ САПАРЛАРЫ ЖАЛҒАСУДА

ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ ӨҢІРЛЕРДЕГІ САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНЕ ИНСПЕКЦИЯЛЫҚ САПАРЛАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов ерекше мәртебесі бар Алатау қаласы мен Алматы облысының Қонаев қаласындағы сайлау учаскелерінің дайындық барысымен танысты. Инспекциялық сапар барысында ол бірқатар сайлау учаскелерін аралап, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарына қатысты.

«Барлық сайлаушыларды сайлау науқаны туралы жан-жақты ақпараттандыру, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерін даярлау, сондай-ақ сайлаушылар, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін қажетті жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылуы тиіс. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарының толық көлемде қамтамасыз етілуі аса маңызды», деді комиссия мүшелеріне Шавхат Өтемісов.

ОСК хатшысы өңірдің мемлекеттік органдары басшыларының қатысуымен кеңес өткізді. Сайлауға дайындық жұмыстарының барысы туралы Алматы облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары баяндама жасады.

Алматы облысында Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу үшін құрамында 4 800-ден астам комиссия мүшесі бар 695 сайлау комиссиясы жұмылдырылған.

ОСК мүшесі Азамат Айманакумов Абай облысындағы сайлау учаскелеріне инспекциялық тексеру жүргізді. Ол Семей қаласы мен Жаңасемей ауданындағы учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысты. Сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарына қатысты.

Кездесулер барысында сайлаушыларды сайлау науқаны туралы жүйелі түрде ақпараттандырудың, дауыс берушілерге, сенім білдірілген адамдарға, байқаушыларға және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қажетті жағдай жасаудың маңыздылығына ерекше назар аударылды.

Өңірдегі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте Құрылтай депутаттарының алдағы сайлауына дайындық барысы туралы ақпараттар ұсынылды. Азамат Айманакумов кеңеске қатысушылардың назарын сайлауды қатаң түрде сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес өткізу, сайлау процесінің барлық кезеңінде жариялылықты, ашықтықты және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігіне аударды.

Айта кетейік, аталған өңірде сайлау науқаны аясында 618 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 4 мыңға жуық комиссия мүшесі қызмет атқаруда.