Екі күндік республикалық семинар өткізілді

Екі күндік республикалық семинар өткізілді

А.ж. 28–29 мамыры күндері Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында Орталық сайлау комиссиясы сайлау комиссияларының ақпараттық және құқықтық бағыттарға жауапты мүшелеріне арналған «Сайлау процесін ақпараттық және құқықтық қамтамасыз ету» тақырыбындағы екі күндік республикалық семинар өткізілді.

Семинардың ашылуында Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов сайлау процесін құқықтық және ақпараттық сүйемелдеуге жауапты мамандардың жауапкершілік деңгейі жоғары екенін атап өтті. Оның айтуынша, сайлау науқандары заңнаманы терең білуді ғана емес, сонымен қатар түрлі стандартты емес жағдайларда жедел әрекет етуді, жариялылық жағдайында жұмыс істеуді және қоғаммен тиімді коммуникация орнатуды талап етеді. Ол жүйелі дайындық пен өңірлік тәжірибе алмасу кәсіби қызметтің бірыңғай тәсілдерін қалыптастырып, сайлау процестерін ұйымдастыру сапасын арттыруға ықпал ететінін айтты. 

Бағдарламаның бірінші күні ОСК мүшесі Азамат Айманақұмов өткен өңірлік сайлау науқандарына жан-жақты талдау жасап, рәсімдерді ұйымдастыруда бірыңғай тәсілдерді сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Ал ОСК мүшесі Әсел Жанабилова қатысушыларды сайлау заңнамасындағы өзекті өзгерістер мен жаңашылдықтармен таныстырды.

Қатысушылар топтарға бөлінгеннен кейін жұмыс екі бағыт бойынша жалғасты. Бірінші ағында бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл және қоғамдық коммуникациялар мәселелері қарастырылды. Екінші ағында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң және Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясындағы өтініштерді қарау тәжірибесі талқыланды.

Сонымен қатар, шақырылған сарапшылар екі бағыттың қатысушыларымен бірге сайлау комиссиялары қызметінің ақпараттық және құқықтық салаларындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Семинардың екінші күні тыңдаушыларды тестілеуден өткізуден басталды.

Одан кейін өңірлік тәжірибе алмасуға арналған дәстүрлі сессия аясында Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев сайлау процесін ұйымдастыру саласындағы өңірдің тәжірибесі мен жинақталған практикалық әзірлемелерін таныстырды.

Кейін жұмыс екі параллель ағында жалғасты. Бірінші ағында Солтүстік Қазақстан облысы сайлау комиссияларының өңірлік тәжірибесі негізінде практикалық кейстерге талдау жүргізілді. Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері Светлана Копнина мен Лариса Гордеева дауыс беру күні сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл мәселелерін қоса алғанда, нақты жағдайларды қарастырды.

Екінші ағында коммуникациялар жөніндегі тренер-сарапшы Руслан Тоқатов тиімді коммуникациялық стратегияларды қолдану мәселелері бойынша практикалық жұмыс жүргізді.

 Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар кері байланыс сауалнамаларын толтырып, электрондық сертификаттарға ие болды.