
ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған қазақстандық делегация Венгриядағы парламент сайлауына халықаралық байқау жүргізуге қатысты. Делегация құрамында ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман болды.
Жұмыс сапары аясында Ортсайлауком басшысы Венгрияның Ұлттық сайлау бюросының президенті Аттила Надьпен, Ұлттық сайлау комиссиясының президенті Роберт Шашваримен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар екі мемлекеттің ұлттық сайлау жүйесінің ерекшеліктері, алдағы екіжақты ынтымақтастық шаралары туралы талқылады.
Нұрлан Әбдіров шетелдік әріптестеріне республикалық референдумның қорытындылары және жаңа Конституцияның негізгі қағидаттары туралы жан-жақты ақпарат ұсынып, оларды алдағы Құрылтай депутаттарын сайлауға халықаралық байқаушы ретінде қатысуға шақырды.
Атап өтетін жайт: тараптар арасындағы ынтымақтастық шаралары Қазақстан мен Венгрияның сайлау органдары арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум аясында жүзеге асырылып келеді. Аталған меморандумға 2024 жылғы 14 маусымда қол қойылды.
Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Америка Құрама Штаттарының Сайлауға жәрдемдесу жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Дональд Палмермен, Хорватия, Латвия, Литва, Эстония, Түркия, Үндістан мемлекеттерінің орталық сайлау органдары басшыларымен және өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізіп, оларды алдағы уақытта Қазақстанда өтетін парламенттік сайлауға халықаралық байқау жүргізуге шақырды.
ОСК делегациясы Венгрияның мемлекеттік ақпараттық саясат саласындағы бірқатар маңызды жобалармен танысты. Атап айтқанда, деректерді қорғау және ақпарат бостандығы жөніндегі, медиа және ақпараттық коммуникация жөніндегі ұлттық органдардың өкілдері осы саладағы тәжірибелер, электоралдық науқан кезіндегі коммуникацияны басқару, ақпарат алмасу бойынша таныстырылым жасады.
Шетелдік байқаушыларға арналған жобалар таныстырылымында Ұлттық сайлау комиссиясы дауыс беруді ұйымдастыру тәртібі туралы баяндады. Халықаралық байқау бағдарламасы шеңберінде ОСК өкілдері Будапешт қаласында орналасқан №020 сайлау учаскесінде болып, дауыс беру күніне дайындықтың соңғы кезеңдерімен танысты.
12 сәуірде, яғни сайлау күні ОСК делегациясы Будапешт қаласындағы бірқатар сайлау учаскелерінде болып, дауыс беру барысын, учаскелік сайлау комиссияларының жұмысы мен сайлаушылардың қатысу деңгейін байқады. Сондай-ақ, учаскелердің жабылуы мен дауыстарды санау процесіне қатысты.
Ақпарат үшін: Венгрия парламенті - Мемлекеттік жиналыстың жаңа шақырылымын сайлау 2026 жылғы 12 сәуірде өтті. Оның құрамына 199 депутат кіреді.
Венгрия аралас сайлау жүйесін қолданады: бірмандатты округтер және ұлттық тізімдер бойынша.
Венгрияның сайлау жүйесіндегі ерекшелік – дауыс беру қағаз бюллетеньдер арқылы жүзеге асырылады, электрондық дауыс беру жүйесі қолданылмайды.
Бұл сайлауға Венгрия халқының 79,56 пайызы дауыс беруге қатысып, жоғары белсенділік көрсетті .