
Қазақстан Республикасының Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстанға республикалық референдумды байқау үшін келген халықаралық байқау миссияларының басшылары және республикалық референдумды байқау үшін келген шетелдік сайлау органдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.
Атап айтқанда, ТМД байқаушылар миссиясының атынан ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары Игорь Петришенко, Қауіпсіздік және ынтымақтастық шарты ұйымының Парламенттік Ассамблеясы атынан Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Сот-құқықтық, құқық реттеу, қылмыспен күрес және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитет төрағасының орынбасарымен кездесті.
Сонымен қатар Нұрлан Әбдіров Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) Бас хатшысы Рамиль Хасанмен кездесті.
Сондай-ақ бірқатар шет мемлекеттердің сайлау органдары басшыларымен екіжақты кездесулер өтті: Түрік Республикасы Жоғары сайлау кеңесінің төрағасы Ахмет Йенер, Албания Республикасы Сайлау жөніндегі Бас комиссары Илирджан Челибаши, Қырғыз Республикасының Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясының Төрағасы Тынчтык Шайназаров.
Кездесулер барысында Нұрлан Әбдіров шетелдік әріптестерді республикалық референдумға дайындықтың негізгі бағыттарымен таныстырды. Ол референдум комиссияларының қызметін ұйымдастыру, дауыс беру учаскелерінің дайындық деңгейі, азаматтардың конституциялық құқықтарын жүзеге асыруға бағытталған шаралар және ақпараттық жұмыс туралы айтты.
Референдумды байқау үшін 38 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымнан барлығы 359 байқаушы аккредиттеуден өтті, бұл дауыс беру процесінің ашықтығы мен жариялылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, тараптар халықаралық байқау ұйымдастыру мәселелерін, миссиялардың жұмыс жағдайлары және референдум комиссияларымен өзара іс-қимылды талқылады. Халықаралық миссиялардың басшылары өз кезегінде байқау іс-шараларының жоспарлары мен форматтары туралы ақпарат ұсынды.