
2026 жылғы 12 ақпанда 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдум өткізу жөніндегі науқан шеңберінде ҚР Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті. Комиссия отырысының күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:
Отырысқа ҚР Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат, Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрлері, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ облыстар, Астана, Алматы және Шымкент қалалары әкімі аппараттарының басшылары және аумақтық референдум комиссияларының мүшелері бейне-конференциялық байланыс арқылы қатысты.
ОРК отырысы сурдоаудармамен қамтамасыз етіліп, ОРК интернет ресурсы мен Youtube арнасы арқылы онлайн көрсетілді.
Отырысты ашқан ОРК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың №1170 Жарлығымен ағымдағы жылғы 15 наурызға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша республикалық референдум өткізу тағайындалғанын айтты. Референдумға «Жобасы бұқаралық ақпарат құралдарында 2026 жылғы 12 ақпанда жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сауал қойылды.
Республикалық референдум тағайындалған сәттен бастап тиісті сайлау комиссиялары референдум комиссияларының функцияларын орындайды және референдумды дайындау және өткізуді ұйымдастырады. Бұл туралы түсіндірме жасаған ОРК Төрағасы референдум комиссияларына жүктелетін маңызды міндеттер туралы баяндады.
«Республикалық референдум - азаматтардың мемлекеттік маңызы бар мәселелер бойынша өз ұстанымын тікелей білдіруіне мүмкіндік беретін демократиялық нысан. Бұл институт халықтың ел дамуына қатысты шешімдер қабылдау процесіне тікелей қатысуын қамтамасыз етеді», - деді Нұрлан Әбдіров.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман және комиссия мүшесі Азамат Айманакумов баяндама жасады.
Мұхтар Ерман референдумды өткізу мен ұйымдастыру кезеңінде комиссиялар мен жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерін атап өтті.
Жалпы, науқанның ұзақтығы, тағайындалғаннан бастап дауыс беру күніне дейін 32 күнді құрайды.
Күнтізбелік жоспар бойынша жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) учаскелердің шекаралары туралы, ал аумақтық референдум комиссиялары комиссиялардың құрамдары және олардың орналасқан жерлері туралы ақпаратты референдум тағайындалған сәттен бастап 10 күннен кешіктірмей, яғни 21 ақпаннан кешіктірмей БАҚ-та жариялайды.
Дауыс беруге 15 күн қалғанда азаматтарға тиісті учаскелерде дауыс берушілер тізілімінен өзін тексеру мүмкіндігі беріледі.
Егер дауыс берушілердің ыңғайлылығы мақсатында аумақтық референдум комиссияларымен өзгеше белгіленбесе, дауыс беру 15 наурызда таңғы 7-ден 20-ға дейін өтеді.
Орталық референдум комиссиясы референдумның қорытындылары туралы ресми хабарламаны дауыс берген күннен бастап 7 күннен кешіктірмей (21 наурызға дейін) БАҚ-та жариялауы тиіс.
Комиссия мүшесі Азамат Айманакумов 2026 жылғы
15 наурызға тағайындалған республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы баяндады.
Референдум учаскелерінің барлық саны - 10 413 (оның ішінде азаматтардың тұрғылықты жері бойынша – 9 779, уақытша болу орындарында – 634), оның ішінде шет мемлекеттердегі учаскелер саны - 82 (олар 64 шет мемлекеттерде орналасқан).
Ағымдағы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша дауыс беруге құқығы бар азаматтар тізіліміне тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 416 759 азамат енгізілді. Яғни, Азамат Айманакумов бүгінде республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімін жасау үшін негіз бар екендігін, оған ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы азаматтардың көші-қон динамикасына байланысты және азаматтар берген өтініштерді есепке алу бойынша нақты жұмыстар бойынша түзетулер енгізілетіндігін атап өтті.
Сайлаушылардың тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы органдар (әкімдік) жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде жасайды. Тізімге белсенді сайлау құқығы бар республика азаматтары енгізіледі.
Әрбір сайлаушы науқан жарияланған немесе тағайындалған сәттен бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Азаматтарға тізімдерде өздерін тексеруге және дауыс беруге арналған учаскенің орналасқан жерін білуге мүмкіндік беру үшін жергілікті атқарушы органдар тиісті онлайн-сервистер мен интернет-ресурстарды қолдану практикасын жүргізеді.
Комиссия отырысы барысында жергілікті атқарушы органдарға осы бағыттағы жұмыстарды белсенді қолдануды ұйымдастыру ұсынылды.
Екінші мәселе бойынша ОРК мүшесі Ләззат Сүйіндік баяндама жасап, республикалық референдум өткізу кезеңіндегі үгіт жұмыстарының аспектілеріне тоқталды.
Мәселен, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-бабының 1-тармағына сәйкес республика азаматтарының, қоғамдық бiрлестiктерiнiң референдумға қойылған мәселе (мәселелер) бойынша жиналыстарда, митингiлерде, азаматтар жиынында, бұқаралық ақпарат құралдарында өз пiкiрiн бiлдiру құқығына кепiлдiк берiледi. Сонымен қатар, жиналыстар, митингілер өткізу «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңға сәйкес өткізіледі.
Үгіт баспа үгіт материалдарын тарату арқылы да жүргізіледі. Барлық баспа үгіт материалдарында осы материалдарды шығарған ұйымдар, оларды басып шығарған орын, таралым, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәліметтер болуға тиіс.
Анонимдік үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Мемлекеттiк билік органдарына және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына республикалық референдумды дайындау және өткiзу кезеңiнде үгіт материалдарын шығарған ұйымдар (баспа материалдары бойынша - олардың басылған жерi мен таралымы), тапсырыс берген тұлғалар туралы ақпараты жоқ осындай материалдарды дайындағаны немесе таратқаны, сондай-ақ үгіт материалдарын Қазақстан Республикасының аумағының шегінен тыс жерде дайындағаны, анонимдік үгіт материалдарын таратқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің113-бабындаәкімшілікжауапкершіліккөзделген.
Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, соғысқа, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылыққа, сондай-ақ қатыгездiк пен зомбылыққа табынуға үгiттеуге жол берiлмейдi.
Референдумның қарсаңындағы күн мен референдум өткізілетін күні үгіт жүргізуге тыйым салынады. Бұл үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 102-бабында тікелей әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Сонымен қатар, Ләззат Сүйіндік референдум өткізу кезеңінде қоғамдық пікірге сауал салу жүргізудің негізгі аспектілеріне тоқталды. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-1-бабына сәйкес республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкес оған дайындық пен өткізу кезеңінде жүргізілуі тиіс.
Референдум туралы заңның 26-бабына сәйкес сайлау органдары тек референдумның өтетін уақыты мен дауыс беру орны туралы азаматтарды хабардар етеді. Сайлау органдары үгіт-насихат жұмыстарымен айналыспайды. Дауыс беру күні учаске ғимаратында тиісті жерде Конституция жобасының мәтіні және дауыс беру бюллетенінің үлгісі орналастырылады. Нұрлан Әбдіров осы мәселеге ерекше назар аударуды тапсырды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша комиссия төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман баяндап, Қазақстанда республикалық референдум барысында халықаралық байқау институтының ашылғаны туралы хабарлады.
Қазақстан Республикасы халықаралық байқау институтын ашу жөніндегі өзінің халықаралық міндеттемелерін үнемі орындап келеді.
Референдумға халықаралық байқаушылардың қатысуы референдум ұйымдастырудың беделін және азаматтардың дауыс беруді өткізу процесіне деген сенімін арттырады.
Референдум өткiзу кезiнде шет мемлекеттерден және халықаралық ұйымдардан аккредиттелген байқаушылар қатыса алады.
Шет мемлекеттерден байқаушыларды аккредиттеу тәртібі, сондай-ақ олардың құқықтары мен міндеттері «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
Бұқаралық ақпарат құралдары референдумға дайындық пен оны өткiзу барысын жария етiп отырады, олардың өкiлдерiнiң референдум өткiзуге байланысты іс-шараларға баруына кепiлдiк берiледi.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары референдумды байқауға Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының Төрағасы мен Сыртқы істер министрінің шақыруы бойынша қатыса алады.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын Орталық референдум комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша аккредиттеуден өткізеді.
ОРК Төрағасы «Орталық референдум комиссиясымен дәстүрлі түрде 30-дан астам елдің орталық сайлау органдары, Сыртқы істер министрлігімен бірқатар халықаралық ұйымдар шақырылатын болады», - деп атап өтті.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша комиссия хатшысы Шавхат Өтемісов баяндады.
Республикалық референдумды дайындау және өткізу сапасы комиссияның әрбір мүшесінің кәсіби дайындық деңгейіне тікелей байланысты.
Референдумға дайындық кезеңінде аумақтық және учаскелік референдум комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесі электоралдық оқытумен қамтылады. Оқыту жұмысы кезеңдерді, форматтарды және жауапкершілік деңгейлерін нақты ажырата отырып, жүйелі түрде, каскадтық модель бойынша жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, байқауға аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат өкілдері үшін арнайы оқыту семинары ұйымдастырылады.
ОРК Төрағасы барлық уәкілетті органдардың дайындық жұмыстарын, оқытудың ұйымдастырылуын және сапасын, сондай-ақ дауыс беруге арналған учаскелерді жарақтандыруды инспекциялық бақылау Орталық референдум комиссиясының басты назарында болатындығын атады.
ОРК отырысы барысында республикалық референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспары бекітілді, республикалық референдум құжаттарының нысандары белгіленді, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету туралы мәселелер қаралды.
ОРК Төрағасы өңірлердегі референдум комиссияларының мүшелері күнтізбелік жоспарда көрсетілген барлық іс-шаралар белгіленген мерзімдерге сәйкес жүргізілуге тиіс екендігіне назар аудару қажеттігін атап өтті.
Орталық референдум комиссиясы барлық азаматтарға үндеу жасап, референдумға қатысушылар тізіміне енгізілгенін тексеру үшін заңдық маңызы бар әрекеттерді жүзеге асыруға шақырады.
Отырыстан кейін бұқаралық ақпарат құралдары үшін дәстүрлі брифинг өтті.