Дүниежүзілік сайлау күні: принциптер, тәжірибелер және жастардың қатысуы

Дүниежүзілік сайлау күні: принциптер, тәжірибелер және жастардың қатысуы

2026 жылғы 5 ақпандағы Дүниежүзілік сайлау күні аясында Астанада «Қазақстан Республикасының сайлау жүйесіндегі кәсіпқойлық және алқалылық» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Михаил Бортник, Әсел Жанәбілова, аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жанындағы Сараптамалық кеңестің, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктердің мүшелері, Астана қалалық жас сайлаушылар клубының мүшелері қатысты.

«Қазақстан Республикасы сайлау комиссияларын кәсібилендіру» тақырыбындағы негізгі баяндаманы заң ғылымдарының докторы, Астана халықаралық университеті Заң жоғары мектебінің профессоры, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшесі Исидор Борчашвили жасады.

Ол қоғамды демократияландыру жағдайында еліміздің сайлау заңнамасы дәйекті түрде жетілдіріліп жатқанын, заңдылық пен жариялылық қағидаттарын жүзеге асыру сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсібилігіне тікелей байланысты екенін баса айтты. Оның айтуынша, сайлау институтына сенім деңгейі олардың жұмысының сапасымен айқындалады: «Қоғам бұдан да үлкен ашықтықты, әділеттілікті, бәсекеге қабілеттілікті күтеді. Сайлауға және оның нәтижелеріне деген сенімнің артуы - мемлекеттің тұрақты дамуының және азаматтық келісімнің кепілі».

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Заң қызметі департаментінің директоры, Алматы округтік сайлау комиссиясының мүшесі, Қазақстанның Құрметті заңгері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты жанындағы Сарапшылар клубының мүшесі Серік Беркамалов өз сөзінде алқалылық қағидатының практикалық өлшемін түсіндірді.

Ол сайлау комиссияларының шешімдері мен әрекеттеріне шағымдану мәселесін жан-жақты талқылап, сайлау құқықтарын қорғаудың ашық және құқықтық тетіктері әділ сайлау жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылатынына тоқталды.

Инклюзивтілік принципіне маңызды екпін берілді. Қазақстандық саңыраулар қоғамының вице-президенті Жангелді Бекбатыров мүгедектігі бар азаматтардың сайлауға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету демократиялық құндылықтардың іс жүзіндегі көрінісі және сайлау жүйесінің институционалдық даму көрсеткіші екенін атап өтті.

Талқылауға жастар да белсене қатысты. Астана қаласының Жас сайлаушылар клубының мүшесі Мерхат Жылқыбаев сайлау жүйесінде кәсібилік пен алқалылық ерекше маңызды екенін, себебі нәтиже бір адамның немесе бір деңгейдегі комиссияның жұмысына байланысты емес екендігі туралы пікір білдірді.

«Бұл - біртұтас механизм: Орталық сайлау комиссиясы, аумақтық комиссиялар, учаскелік комиссиялар - әр деңгей өз жауапкершілігі мен сапалы үлесін қосады. Ал егер барлық деңгейде біртұтас әрекет стандарты, заңды біркелкі түсіну, қоғам сеніміне қызмет етудің біркелкі логикасы сақталса, жүйе тұрақты болады» деді Мерхат Жылқыбаев.

ЖСК-нің тағы бір өкілі Азат Теңгебаев, әсіресе, цифрлық платформалар мен әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы жастарға ықпал етудің заманауи тәсілдерінің қажеттілігіне назар аударды.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортник Орталық сайлау комиссиясы мен өңірлік сайлау органдарының өзара іс-қимылының нәтижелерін қорытындылай келе, сайлау процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру бойынша жүйелі жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

Бір күн бұрын, 2026 жылдың 4 ақпанында Астана қаласының орталық кітапханалар жүйесінде «Мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз ету: инклюзия және теңдік» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Талқылау Жас сайлаушылар клубымен, учаскелік комиссиялармен, қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп ұйымдастырылды. Қатысушылар сайлау учаскелеріндегі қолжетімділік, ақпараттық қолдау көрсету, мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруге толық және ыңғайлы қатысуы үшін жағдай жасау мәселелерін талқылады.

Дүниежүзілік сайлау күнінің онкүндік кезеңінде Елордада барлығы 4 мыңнан астам қатысушыны біріктірген 37 іс-шара өткізілді.