Құрметті сайлау процесіне қатысушылар!

Құрметті сайлау процесіне қатысушылар!

Сіздерді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының атынан Дүниежүзілік сайлау күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Әлемнің көптеген елдерінде бұл күн ақпан айының алғашқы бейсенбісінде аталып өтіп, мемлекеттердің демократиялық құндылықтарды нығайтуға және электоралдық мәдениетті дамытуға ұмтылысын білдіреді. Бұл күн азаматтардың өз елін басқаруға қатысуының маңызын тағы бір мәрте айқындауға мүмкіндік береді.

Қазақстанда Дүниежүзілік сайлау күнін мерекелеу ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Егемендік жылдарында еліміз ұлттық сайлау жүйесін қалыптастырып, оны жүйелі түрде жетілдіріп келеді. Бүгінде сайлау үдерістері заңдылық, ашықтық және әділеттілік қағидаттарына негізделіп, әрбір азаматтың тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған.

2025 жылы елімізде әртүрлі деңгейдегі 1028 сайлау өткізілді. Бұл көрсеткіштің артында сайлауды ұйымдастырушылардың ауқымды, әрі жауапты еңбегі мен азаматтардың белсенді ұстанымы тұр. Бірлескен күш-жігердің арқасында сайлау құқықтарының қорғалуы қамтамасыз етіліп, қоғамның сайлау институтына деген сенімі нығая түсуде.

Алдағы уақытта да сайлау процесіне қатысушылардың жауапкершілігі, кәсібилігі және өзара құрметі азаматтардың еркін ерік білдіруіне, сондай-ақ Қазақстанның демократиялық институттарының одан әрі дамуына ықпал ететініне сенімдімін.

 

 

 

Құрметпен,

ҚР Орталық сайлау

комиссиясының Төрағасы

Нұрлан Әбдіров