
ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының делегациясы 2026 жылғы 21-23 қаңтар күндері Нью-Дели қаласында (Үндістан) өткен демократия және сайлауды басқару мәселелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысты. Іс-шара Үндістанның Сайлау комиссиясы мен Демократия мен сайлауға жәрдемдесу жөніндегі халықаралық институттың (International IDEA) бірлесіп ұйымдастыруымен өтті және оған 43 орталық сайлау органдары, 500-ден астам халықаралық ұйымдар, сараптамалық қауымдастық пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Конференция барысында сайлау жүйелерінің орнықтылығы, сайлауды ұйымдастырумен айналысатын органдардың институционалдық дамуы, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибелерді енгізу мәселелері талқыланды. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы сайлау органдары басшыларының пленарлық сессиясында және «Тәуелсіз және кәсіби сайлауды басқару органдары - тұрақты демократия үшін» атты жаһандық тақырыптық сессияда сөз сөйлеп, Қазақстанның сайлау жүйесін реформалау және сайлау органдарын кәсібилендіру жөніндегі тәжірибесін таныстырды.
«Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың конституциялық реформасы сайлау органдары жүйесін түбегейлі өзгертті. Тұрақты негізде өткізілетін жергілікті сайлауларға байланысты электоралдық кеңістіктің кеңеюі сайлау ұйымдастырушылары қызметін кәсіби әрі тұрақты негізге көшіруді талап етті. Бұл сайлау органдарының институционалдық құрылымын сапалы түрде нығайтуға және сайлау әкімшілерінің орнықты кәсіби әрі басқарушылық құзыреттерін қалыптастыруға ықпал етті», - деп Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров атап өтті.
Таныстырылымдар мен орталық сайлау органдары басшыларымен өткен кездесулер барысында Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінің негізгі қағидаттарына ерекше назар аударылды. Конференцияға қатысушылар саяси жүйені одан әрі эволюциялық дамыту басымдықтары, бірпалаталы Парламентке көшу жоспарлары, мемлекеттің институционалдық негізін нығайту жөніндегі бастамалар туралы жан-жақты ақпараттандырылды. Конституциялық комиссия құру және Негізгі заңға өзгерістер жобасын жалпыұлттық референдумға шығару туралы шешім зор қызығушылықпен қабылданды. Ұсынылған тәсілдер халықаралық конференция қатысушылары тарапынан елеулі қызығушылық тудырды.
Сапар аясында Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Үндістанның сайлау жөніндегі Бас комиссары Гьянеш Кумармен екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, электоралдық оқыту саласында және сарапшылар деңгейінде тәжірибе алмасу, сондай-ақ екі елдің сайлау комиссиялары арасында Өзара түсіністік туралы меморандум жасау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар әріптестер тарапына алдағы конституциялық реформа мен жалпыұлттық референдумға байланысты жоспарланып отырған қадамдар жөнінде жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Сонымен қатар, ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы International IDEA ұйымының Бас хатшысы Кевин Касас-Саморамен кездесті. Кездесу барысында халықаралық ұйымның Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларға қызығушылық танытатыны көрсетіліп, алдағы уақытта сараптамалық және әдістемелік ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға дайын екендігін білдірді. International IDEA - БҰҰ жанында тұрақты байқаушы мәртебесіне ие және Еуропалық Одақпен серіктестік қатынастарын жүзеге асыратын халықаралық ұйым.
Конференция аясында Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы АҚШ, Ирландия, Чехия, Хорватия, Грузия, Латвия, Армения және басқа бірнеше елдердің орталық сайлау органдары басшыларымен кездесулер өткізді. Кездесулер барысында сайлау жүйелерін дамыту және тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.
Конференцияның соңғы күнінде модельдік сессияда Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман баяндама жасады. Оның баяндамасы Қазақстандағы сайлау ұйымдастырушыларын электоралдық оқыту мәселелері, үздіксіз кәсіби біліктілікті арттыру жүйесінің дамуы, сондай-ақ ҚР ОСК жанындағы диалог алаңдары тақырыбын қамтыды.
Жалпы, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының делегациясының халықаралық конференция жұмысына қатысуы электоралдық саладағы халықаралық диалогты нығайтуға және Қазақстанның сайлау жүйесін реформалау тәжірибесін халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал етті. Барлық кездесулер қорытындысында ҚР ОСК тарапынан жарық көрген электоралдық тақырыптағы ағылшын тіліндегі басылымдар таныстырылды. Шетелдік орталық сайлау органдары мен халықаралық ұйымдардың өкілдері алдағы республикалық референдумға халықаралық байқаушы ретінде қатысуға шақырылды.