
ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров бастаған қазақстандық делегация Қырғыз Республикасының Сайлау және референдумдар өткізу жөніндегі орталық комиссиясының шақыруымен Қырғыз Республикасында Жогорку Кенеш (парламент) депутаттарын кезектен тыс сайлауын халықаралық байқауға қатысты.
Халықаралық байқау шеңберінде Нұрлан Әбдіров Қырғыз Республикасының Сайлау және референдумдар өткізу жөніндегі орталық комиссиясының Төрағасы Тынчтык Шайназаровпен екіжақты кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың, сайлау процестерін ұйымдастырудың, сайлаушылардың құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылап, сондай-ақ жалған ақпаратпен күрес және басқа да сұрақтар бойынша пікір алмасты.
ОСК Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталды. Ол өз сөзінде Парламентті реформалау бастамасы мен маңызды шешімдерді жалпыұлттық референдумдар арқылы қабылдау тәжірибесі туралы хабарлады. Сондай-ақ, конституциялық реформа аясында еліміздің сайлау жүйесін ауқымды трансформациялау, сайлау процесінің ашықтығы пен қолжетімділігін арттыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бағытында ақпарат берді.
2025 жылғы 29 қараша күні қазақстандық делегация халықаралық байқаушыларға арналған брифингке қатысты. Брифингте Қырғыз Республикасы Жогорку Кенеші депутаттарын кезектен тыс сайлаудың ерекшеліктері туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.
Сайлау күні (2025 жылғы 30 қараша) делегация халықаралық байқау аясында Бішкек қаласы және өңірлердегі сайлау учаскелеріне барып, электоралды науқанның барысымен танысып, дауыс беруді өткізуді, сайлау комиссияларының жұмысы мен сайлаушылардың қатысу деңгейін байқады. Делегация мүшелері учаскелер жабылғаннан кейін дауыстарды санау процесін байқауға қатысты.
Осы күні делегация Бішкектегі Қоғамдық мониторинг орталығында болып, орталықтың жұмысы туралы ақпарат алды.
1 желтоқсанда делегация өкілдері халықаралық ұйымдар байқаушылары миссияларының Қырғыз Республикасында өткен сайлаудың алдын ала қорытындылары туралы брифингтеріне қатысты.
Ортсайлауком басшысы орталық сайлау органдарының басшыларының брифингінде:
«Дауыс беру күні біз бірқатар сайлау учаскелерін араладық. Учаскелерде сайлаушылардың белсенділігі жоғары болғанын атап өткім келеді. Әсіресе егде жастағы азаматтар, сондай-ақ, әрине, жастар жақсы дауыс берді.
Парламент сайлауы жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті. Республика азаматтарының әрқайсысына қашықтан да, сайлау учаскесінде де дауыс беру мүмкіндігі берілді. Гендерлік аспект ескерілген, дауыс беру кезінде заманауи технологиялар қолданылды. Сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жасалған», - деп атап өтті.
ҚР Парламентінің Сенаты және Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Елшілігінің өкілдері, сонымен қатар ОСК басшылығы – ОСК Төрағасы, төраға орынбасары, хатшысы және мүшесі, комиссия аппаратының қызметкерлері және облыстық, аудандық аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері бар қазақстандық делегация халықаралық байқауды:
Қырғыз Республикасының Сайлау және референдумдар өткізу жөніндегі орталық комиссиясының шақыруы бойынша (2 адам);
ТМД байқаушылар миссиясы құрамында (11 адам);
Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) байқаушылар миссиясы құрамында (1 адам);
Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) байқаушылар миссиясы құрамында (1 адам);
ТМД Парламентаралық ассамблеясының (ТМД ПА) байқаушылар миссиясы құрамында (2 адам);
Түркі мемлекеттерінің Парламенттік ассамблеясының (ТүркіПА) байқаушылар миссиясы құрамында (2 адам);
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік ассамблеясының (ҰҚШҰ ПА) байқаушылар миссиясы құрамында (2 адам);
ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының байқаушылар миссиясы құрамында (1 адам), барлығы 22 адам жүргізді.
Анықтама үшін:
Қырғыз Республикасы Президентінің 30 қыркүйектегі жарлығымен Жогорку Кенеш депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауы 2025 жылғы 30 қарашаға тағайындалды.
Жогорку Кенеш – Қырғыз Республикасының Парламенті, өзінің құзыреті шегінде заң шығару өкілеттігін және бақылау функцияларын жүзеге асыратын ең жоғары өкілді орган болып табылады.
Жогорку Кенеш 90 депутаттан тұрады және 5 жыл мерзімге сайланады.
Еліміздегі қырғыз азаматтарының сайлауға қатысуын қамтамасыз ету мақсатында Қырғыз Республикасының Елшілігі мен Бас консулдығындағы сайлау учаскелерінен басқа, Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Атырау және Тараз қалаларында сайлау учаскелері жұмыс істеді.