ҚР ОСК сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған онлайн-оқыту семинарын өткізді

ҚР ОСК сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған онлайн-оқыту семинарын өткізді

2025 жылғы 8–9 қазан аралығында Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 2025 жылға арналған сайлау процесіне қатысушыларды оқыту жөніндегі іс-шаралар кешенін (ҚР ОСК-ның 2024 жылғы 11 желтоқсандағы № 58/73 қаулысы) іске асыру шеңберінде «Мәслихатттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің өзекті мәселелері» тақырыбында республикалық онлайн-оқыту семинарын өткізді.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Электоралдық оқыту орталығының базасында ұйымдастырылып, еліміздің барлық өңірлерінен онлайн-қатысқан 280-нен астам қалалық және аудандық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелерін біріктірді.

Семинардың жұмысын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов ашып, сайлау комиссияларының сайлау процесінің заңдылығын қамтамасыз етуде және қоғамның сайлауға деген сенімін нығайтуда шешуші буын болып табылатынын атап өтті.

Өзінің кіріспе сөзінде ол комиссия мүшелерінің құқықтық және кәсіби мәдениетін жүйелі түрде арттырудың, сондай-ақ олардың ашықтық пен айқындықтың жоғары стандарттарына сәйкес әрекет ету қабілетін дамытудың маңыздылығына назар аударды.

Оқыту бағдарламасының бірінші күні қатысушылар сайлау заңнамасын жетілдіру тетіктерін талдауға, жергілікті деңгейде сайлау науқандарын ұйымдастыру мен жоспарлаудың практикалық аспектілеріне, сондай-ақ үгіт-насихат жүргізу және сайлаушыларды ақпараттандыру стратегияларына назар аударды.

Сонымен қатар байқаушылармен, сенім білдірілген өкілдермен және бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді өзара іс-қимылды ұйымдастыру мәселелеріне, сондай-ақ сайлауды қаржыландырудың құқықтық негіздері мен сайлау-құқықтық дауларды шешу жөніндегі сот тәжірибесіне ерекше көңіл бөлінді.

Сабақтар интерактивті форматта, кейс-әдісін қолдану арқылы өткізілді: қатысушылар шағын топтарда жұмыс істеп, сайлау науқандары барысында туындайтын нақты жағдайларды талқылап, практикалық шешімдер ұсынды.

Семинардың екінші күнінде қатысушылар өңірлік тәжірибелерімен бөлісіп, аумақтық сайлау комиссияларының тәжірибесінен алынған кейстерге талдау жүргізді. Өздерінің жұмыстары мен ұсыныстарын Жамбыл облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Талғат Жамалов пен Солтүстік Қазақстан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының хатшысы Светлана Копнина ұсынды.

Оқыту бағдарламасының қорытынды бөлімі эмоционалды интеллект пен күйзеліске төзімділікті дамытуға арналған тренинг болды. Тренингті психолог және жаттықтырушы Ширин Оразбаева жүргізді. Практикалық сабақтар барысында қатысушылар эмоцияларды басқару, тиімді коммуникация және сайлау процесі жағдайында командалық өзара іс-қимыл дағдыларын меңгерді.

Екікүндік оқу курсының қорытындысы бойынша тыңдаушылар кері байланыс сауалнамасынан өтіп, оқудан өткенін растайтын электрондық сертификаттар алды. Бағдарлама каскадтық оқыту қағидаты бойынша құрылған: дайындықтан өткен аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері кейін өңірлерде осындай сабақтар өткізіп, сайлау жүйесінің барлық деңгейінде құзыреттілік пен құқықтық мәдениеттің бірыңғай стандартының сақталуын қамтамасыз етеді.

Орталық сайлау комиссиясы сайлау процесін ұйымдастырушылардың кәсіби даярлығын арттыру стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Бұл ретте негізгі назар құзыреттерді дамытуға, цифрлық шешімдерді енгізуге, құқық қолдану тәжірибесін жетілдіруге және сайлау рәсімдеріне қоғамның сенімін нығайтуға бағытталған.