2025 жылғы 22-23 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров ағымдағы жылдың
28 қыркүйегіне тағайындалған Қызылорда облысы Қазалы ауданы әкімінің және 26 қазанда өтетін Қызылорда қаласы мен Жалағаш ауданындағы шығып қалған мәслихаттар депутаттарының сайлауын дайындау және өткізу шеңберінде Қызылорда облысына инспекциялық сапармен барды.
Сапарға ОСК мүшесі Азамат Айманакумов және комиссия аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.
Іссапар барысында жоспарланған барлық іс-шаралар сайлау комиссияларының дайындық деңгейін бақылауға, электоралдық оқыту барысына мониторинг жүргізу, сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге және сайлау процесінің қатысушыларымен өзара іс-қимыл жасауға бағытталған.
Қазалы ауданы әкімін сайлау науқанына 41 сайлау комиссиясы жұмылдырылған: 1 аумақтық және 40 учаскелік.
Қызылорда қаласы және Жалағаш аудандық шығып қалған мәслихат депутаттарының сайлауына 2 аумақтық, 2 округтік, 6 учаскелік сайлау комиссиясы тартылған.
Сапардың алғашқы күнінде Ортсайлауком басшысы аумақтық сайлау комиссияларының, жергілікті атқарушы органдардың, прокуратура, полиция департаменті, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және өзге де уәкілетті органдар басшыларының қатысуымен жиын өткізді.
Жиында сайлау науқанының ұйымдастырушылық-құқықтық мәселелері, күнтізбелік жоспардағы іс-шаралардың жүзеге асырылуы, азаматтардың сайлау құқықтарын сақтау шаралары талқыланды.
ОСК Төрағасы жиынға қатысушылардың аудан әкімі және мәслихаттар депутаттарының сайлау науқанында заңнаманы сақтау, ашықтық пен айқындықты, сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне мән беру қажеттігін атап өтті.
Нұрлан Әбдіров аумақтық сайлау комиссиясында болып, аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесті. Кездесуде мәслихаттар депутаттарының сайлауын заң шеңберінде ашықтық қағидатына сай өткізу, құқықтық мәселелер, округтік және учаскелік комиссия мүшелерін оқыту, сайлаушылар тізімімен жұмыс жүргізу және байқаушылар, сенім білдірілген адамдар және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл мәселелері талқылады.
Сапар барысында ОСК делегациясы Қызылорда қаласындағы Жедел әрекет ету орталығының 109 бірыңғай байланыс қызметінің жұмысымен танысты.
109 бірыңғай байланыс қызметі мен Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы арасындағы екіжақты меморандум шеңберінде әрбір электоралды науқанда диспетчерлер сайлаушылардың сұрақтарына жауап беріп, электоралды процес туралы ақпараттандырады.
Мәселен, республикалық референдум кезінде 109 орталығына сайлаушылардан 5 мыңға жуық қоңырау түссе, жергілікті сайлауларда 500-ден аса түрлі сауалдар түскен. Қазалы ауданы әкімінің сайлауы бойынша операторлар 50-ден аса сұраққа жауап берген.
Орталықта 36 диспетчер 4 ауысыммен қызмет атқарады.
Сондай-ақ, ОСК делегациясына «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» мобильді платформасы таныстырылды.
Әрбір азамат saylau.orda.gov.kz сервисінде жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) енгізе отырып, тіркелген сайлау учаскесі туралы мәліметті, сайлау учаскесінің мекен-жайы және оған бару бағдарын онлайн көре алады. Аумақтық сайлау комиссиясы платформаға учаскенің панорамалық фотосын енгізу жұмыстарын бастап кетті. Бұл шалғай жатқан учаскелерге бармай-ақ, дауыс беру орнының жабдықталуын онлайн көруге мүмкіндік береді.
Сапардың екінші күнінде ҚР ОСК Төрағасы Қазалы ауданының жас сайлаушыларымен кездесті. Кездесуге 100-ден астам белсенді азаматтар: оқушылар, Жас сайлаушылар клубының мүшелері және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты.
Іс-шарада Нұрлан Әбдіров отандық сайлау жүйесінің ерекшеліктері, 2022 жылғы бүкілхалықтық референдумда қолдау тапқан конституциялық реформа аясындағы трансформация, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тезистері, Парламентті реформалау жөніндегі бастама, негізгі шешімдерді жалпыұлттық референдумдар арқылы қабылдау тәжірибесі мен шетелдік электоралды тенденцияларға тоқталып өтті.
Кездесуде ОСК Төрағасы жастардың сайлауға белсенді қатысуы және электоралдық мәдениетті дамыту мәселелерін талқылады.
Жас сайлаушылар электоралдық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде сайлау және референдумдарды бақылау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының ұсынымдары бойынша пікірлерді анықтауға бағытталған дәстүрлі онлайн-сауалнамаға қызығушылықпен қатысты.
Сауалнаманың нәтижелері:
85,5% респондент Президенттікке кандидаттар үшін мемлекеттік қызметте қызмет өтілі болғанын қолдайды;
43,4% респондент дәстүрлі қағаз бюллетень арқылы дауыс беруді қалайды;
28,9% респондент сотпен әрекетке қабілетсіз деп танылған азаматтар дауыс беруге қатыспауы тиіс деп есептейді;
30,1% респондент сотталған азаматтардың сайлау құқықтарын шектеуді қолдайды;
66,3% респондент сайлау туралы ақпараттарды әлеуметтік желі арқылы алады.
Жас сайлаушылар сұрақ-жауап сессиясында көкейде жүрген сауалдарын қойып, белсенділік танытты.
Сұрақтар негізінен сайлау жүйесін цифрландыру, әлемдік электоралдық тәжірибенің тиімді тұстарын қолдану, дауыс берудің жаңа форматтарын дамыту мәселелерін қамтыды. Мәселен, №249 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Аяжан Мөнкебай жасанды интеллект арқылы сайлау мәдениетін қалыптастыруға жетелейтін өзі дайындаған комикстерді көрсетті. Белсенді, Қазалы ауданы бойынша Жас сайлаушылар клубының мүшесі Меирман Мендібай Жас сайлаушылар клубының республикалық слетін өткізу туралы ұсыныс айтса, жас маман Қайыржан Тілеуқабыл дауыс беруді бірнеше күн өткізу туралы ұсынысын білдірді. Дамир Құдайберген дауыс беру барысын түрлі платформалар арқылы ілгерілету және еріктілер қозғалысын белсенді түрде дамыту туралы ойын білдірді.
Шараға белсенді қатысқандар мен «Руханият» орталығының кітапханасына ҚР ОСК-ның 30 жылдығына орай әзірленген сайлау тақырыбындағы ғылыми басылымдар табыс етілді.
Іссапар барысында Нұрлан Әбдіров Қазалы ауданындағы №60 учаскелік сайлау комиссиясының жабдықталуымен танысты. Ол сайлаушылар тізімімен сапалы жұмыс жүргізу және сайлау заңнамасының талаптарын қатаң сақтау қажеттігін баса айтты.
ОСК басшысы Қазалы ауданының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесті. Басқосуда ағымдағы науқанға дайындық, сайлау учаскелерін жарақтандыру, сайлау науқаны туралы сайлаушыларды ақпараттандыру және сайлау процесін ұйымдастырудың мәселелері қаралды.
ОСК Төрағасы мүгедектігі бар сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау, дауыс берудің құпиялығын сақтау бағытында жүзеге асырылатын шараларға мән берді.
Сайлау комиссиялары мүшелерінің тәжірибелік дағдылары мен дайындық деңгейін бағалау мақсатында бақылау тестілеуі ұйымдастырылды. Тестілеу барысында қатысушылардың сайлау заңнамасы мен сайлау рәсімдерін өткізуге қатысты білімдері тексерілді.
Тестілеу қорытындысы бойынша практикалық бағыттағы оқыту семинары өткізіліп, онда түрлі кейстер қаралды. Семинар барысында сайлау процесінің кезеңдері, дауыс беру күні комиссиялардың қызметі, дауыстарды санау, қорытынды хаттамаларды рәсімдеу және басқа да маңызды электоралдық мәселелер талқыланды. Комиссия мүшелернің барлық сұрақтарына жауап берілді.
«Сайлау процесі кезінде заңнаманың сақталуын, ашықтықты және азаматтардың, оның ішінде мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етіп, байқаушылар мен БАҚ өкілдеріне дауыс беру күні учаскеде жағдай жасау қажет», - деп Нұрлан Әбдіров сапар барысын қорытындылады.