2025 жылғы 11-12 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы 2025 жылға арналған сайлау процесіне қатысушыларды оқытуды ұйымдастыру жөніндегі шаралар кешені шеңберінде (ҚР ОСК-ның 2024 жылғы 11 желтоқсандағы № 58/73 Қаулысы) ҚР Президенті жанындағы МБА Электоралдық оқыту орталығының базасында қалалық және аудандық сайлау комиссияларының басшыларына арналған «Сайлау процесін өткізудің ұйымдастырушылық аспектілері мен тәжірибесі» тақырыбында оқыту семинарын өткізді.
Семинар жұмысын ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов ашып, тыңдаушыларды сайлау заңнамасына түзетулер жобасымен таныстырды, комиссия мүшесі Лаззат Сүйіндік сайлау процесі кезіндегі ақпараттық жұмыстар мен байқаудың өзекті мәселелеріне тоқталды.
Бұдан әрі ОСК аппаратының қызметкерлері жергілікті деңгейде сайлау науқанын жоспарлау және ұйымдастыру, ақпараттандыру, сайлау алдындағы үгіт, байқаушылармен, сенім білдірілген адамдармен және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша практикалық кейстерге талдау жүргізді. Сонымен қатар, сайлауды қаржылық қамтамасыз ету тәртібі мен сайлау дауларына қатысты сот тәжірибелері бойынша түсіндірме берілді.
Баяндамалар аудитория тарапынан белсенді талқыланып, қатысушылар нақты және тәжірибеге бағдарланған сұрақтарға жауап алды.
«Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорының өкілі, сарапшы Б. Сайфуллиннің сайлау комиссияларының ағымдағы жұмыстары кезінде Ұлттық жасанды интеллект платформасын қолданудың практикалық аспектілері туралы дәрісі ерекше назар аударды.
Семинардың екінші күні практикалық жұмыс пен тәжірибе алмасуға арналды. Павлодар облыстық АСК төрағасы Гүлнар Аманжолова Павлодар өңірінің сайлау комиссияларының қызметін ұйымдастыру тәжірибесімен таныстырды.
Қатысушылар бұдан әрі кіші топтарда жұмыс істеді, онда Павлодар облысының өкілдері Тамара Ильина мен Вера Гейнц case-study форматында кандидаттарды ұсыну, тіркеу, сондай-ақ сайлау алдындағы үгіт сатыларында кездесетін нақты жағдайларды шешуге бағытталған интерактивті тренингтер өткізді.
Шырын Оразбаева келіссөздер стратегиялары және жанжалдарды шешу бойынша практикум жүргізді, ал Алтын Бақытжанова сайлау барысында келіссөздер жүргізу тактикасына және коммуникацияға кешенді көзқарас мәселесіне назар аударды.
Семинар барысында тыңдаушылар сайлау процесін ұйымдастырудың құқықтық және практикалық негіздерін білуге арналған тестілеуден өтті.