2025 жылғы 30-31 шілдеде Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Азамат Айманакумов және Михаил Бортник Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданына жұмыс сапармен барды.
Сапар мақсаты 2025 жылғы 10 тамызға жоспарланған Қызылжар ауданы әкімінің сайлауын өткізуге дайындық жұмыстарын пысықтау, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына арналған оқыту-түсіндірмелік шараларын ұйымдастыруды қамтыды.
Қызылжар ауданы әкімінің сайлауына жалпы 55 сайлау комиссиясы жұмылдырылды, оның 2-уі аумақтық, 53-і - учаскелік сайлау комиссиясы.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Қызылжар ауданындағы №269, 664, 274, 295, 278, 316 және 318 сайлау учаскелеріне барып, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуымен және комиссиялардың сайлауды өткізуге әзірлігімен танысты.
Өз кезегінде Орталық сайлау комиссиясының мүшелері сайлау процесін ұйымдастыруда сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы, тиісті құжаттардың рәсімделу тәртібі, заң нормалары мен тәртіпті қамтамасыз ету мәселелеріне назар аудару туралы ұсынымдар берді.
Аумақтық және учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерімен кездескен Азамат Айманакумов пен Михаил Бортник сайлау комиссиясы мүшелерінің кәсіби біліктілік деңгейін үнемі арттыру , сайлаушылармен өзара іс-қимыл мәселесінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, әрбір аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын сапалы ұйымдастыру Орталық сайлау комиссиясының басты назарында екендігін атап өтті.
Сапар аясында сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған тестілеу өткізілді. Аталған тестілеу сайлау заңнамасының нормалары, сайлау комиссияларының негізгі функциялары мен міндеттері, сайлау құжаттарымен жұмыс жасау дағдысы, сайлаушылармен, байқаушылармен және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен өзара іс-қимыл секілді комиссия қызметінің негізгі бағыттарын қамтыды.
Тестілеу қорытындысы бойынша аумақтық және учаскелік сайлау комиссиясы мүшелеріне арналған семинар ұйымдастырылды. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері сайлау процесінің сапалы ұйымдастырылуын қамтамасыз етуге бағытталған кейстерді шешіп, өзара пікір алмасты.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Михаил Бортниктің төрағалығымен облыстық және аудандық жергілікті атқарушы органдардың, прокуратураның, полиция департаментінің, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, аумақтық сайлау комиссияларының өкілдерінің қатысуымен жиын өтті.
Жиын барысында сайлауға дайындық, сайлау процесінің қатысушылары арасында өзара іс-қимылды күшейту, сайлау заңнамасының бұлжытпай орындалуын қамтамасыз ету шаралары талқыланды.
Жиында мемлекеттік органдардың сайлау науқаны кезінде азаматтардың сайлау құқықтарын толық жүзеге асыруы үшін жағдай жасалу қажеттігіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, жиында сайлау кезіндегі инфрақұрылымдық дайындық, қауіпсіздік пен тәртіп, ақпараттық қамтамасыз ету шаралары туралы өзекті мәселелер де қаралды.